Ұлттық орталық музейде көшпелілер өркениеті жаңғырды

  • 9
  • 16.03.2026, 21:36

Көшпелілер өркениетінің заманауи креативті индустриядағы көрінісі. Алматыдағы Ұлттық орталық музейде «Наурызнама» онкүндігі аясында көне қолөнер технологияларын жаңғырту бойынша шеберлік сабақтар мен қолөнер шеберлерінің халықаралық көрмесі өтті. 

Наурызнама онкүндігінің тұжырымдамасына сәйкес, 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл бастама халқымыздың бай мәдени мұрасын ұлықтап, оны келер ұрпаққа жеткізуді көздейді. Ұлттық музейдегі шара барысында жүзден аса республика көлеміндегі кәсіби, халықаралық деңгейдегі қолөнер шеберлері, суретшілер және де этнодизайнерлер өз туындыларын ұсынды. 

Салтанат Жапарова, Қазақстандық этнодизайнерлер одағының президенті:

- Біздің ата-бабадан келіп, ұмыт болып бара жатқан қолөнер түрлері бар. Осыны кеңінен насихаттау мақсатында арнайы шеберлік сабақтарын ұйымдасытырып, бізге мұра болып жеткен осындай қолөнер түрімізді ұмыттырмай, жастарға насихаттау, осыны кеңінен заман талабына сай қолданысқа енгізу. 

«Мұндай жобалар ұлттық мәдениетті дәріптеп қана қоймай, дәстүрлі өнерді креативті экономикаға енгізуге мүмкіндік береді», - дейді ұйымдастырушылар. Шара барысында «Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы» мәртебесіне ие Тараз шеберлері киіз басу, Түркістан қыш өнерін және Алматы зергерлік бұйымдарын паш етті. Әсіресе ұмыт болып бара жатқан қолөнер түрі – сүйекті өңдеуден түрлі бұйым жасау көрсетілді.

Нұржан Есхожин, Қазақстан этнодизайнерлер одағының мүшесі:

- Мүжілген сүйектің арасынан таңдап алынады. Сол сүйекті ары қарай өңдеу арқылы қайнатамыз, тұз қосамыз, сосын кептірмеіз. Мен тек қана жауырын емес, сонымен қатар асық, жілік, қабырғаның барлығын пайдалануға дайындаймын.

Ұлттық музейге келушілер дәстүрлі қолөнердің қыр-сырын үйреніп, шеберлердің жұмысын тамашалады. Көрмеде киіз басу, зергерлік бұйым жасау, былғары өңдеу, ұлттық ою-өрнек салу секілді көне технологиялар қайта жаңғыртылды. 

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Киіз басу, сырмақ ою, текемет жасау, оны тұрмыста қолдану  өткен ғасырдың еншісінде қалды деуге болады. Ондай бұйымдарды қазір музейлерден көреміз. Бірақ бұл қолөнер шеберлерінің арқасында ұмытылмай, заманауи бағытта дамып келеді. Мынау киіз жүннен жасалған көркем шығарма. «Құрғақ тәсіл» деп аталады. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын», - дейді. Дегенмен жасап көрейік. Әрине, бұл тек инемен піскілеу емес, түстерді үйлестіре білу де – нағыз өнер.

Фестиваль аясында Орталық Азия қолөнершілерін халықаралық нарыққа шығару бойынша стратегиялық келісімдерге қол қойылды. Мәдениет пен салт-дәстүр – ұлттың темірқазығы. Туристерге де қызық. Сондықтан туризм саласы арқылы табыс табуға да болады.  

Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев