Ұлттық киім күні: Алматыда оқушылар дәстүрді дәріптеді

  • 9
  • 18.03.2026, 21:46

Алматы қаласы мен облыстың оқушылары ұлттық киім күнін атап өтті. Балалар дефиле көрсетсе, әжелер қазақ киімдерінің тарихын, мән-мағынасын түсіндірді. Ән айтып, неше түрлі ойындарды ойнады. Ұлттық дәстүрді ұлықтаған ұстаздар мен оқушылардың мерекелік шарасын әріптесім Аршын Кемелжан баяндайды.

Бұл Алматыдағы №6 оқушылар үйінің балалары. Жеткіншектер мерекелік концертке келген көрермендерді әндетіп күтіп алды. Ұлттық киім – кез келген халықтың мәдени коды мен тарихи жадының айқын көрінісі. Ол тек жылулық бермейді. Киімнен ұлттың дүниетанымы, тұрмыстық ерекшелігі, әлеуметтік құрылымы мен эстетикалық талғамы танылады. Дефилеге шыққан балаларға қарап қазақ киімдерінің қаншалықты әдемі екенін байқауға болады.   

Мақсат Жабулаев, қалалық №6 оқушылар үйінің директоры:

- Бүгін ғана емес жалпы осы наурызнаманың 10 күндігінде үлкен-үлкен іс-шаралар өткізіліп жатыр. Бізде әртүрлі үйірмелер жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде жаңағы ұлттық киімдер жасайтын үйірмелер, дәстүрлі әндер үйірмесі және домбырашылар үйірмесі жұмыс істеуде.

Оқушылар «Туған жер», «Көкпар» әнін айтып, «Кербез» биін биледі. Жастар осылайша ұлттық мұраны дәріптей отырып, салт-дәстүрге деген құрметті арттырып отыр.

Василиса Стародубцева, хореография үйірмесіне қатысушы:

-Ұлттық киім халқымыздың мәдени мұрасы. Біз де тарихы терең дәстүрді сақтап, құрметтейміз. Әдемі киімдерімізді көрсетіп, түрлі оюлар жасаймыз.

Талғар ауданындағы №31 мектептің оқушылары мен ұстаздары да Ұлттық киім күнін ерекше атап өтті. Қонақтарды қарсы алып, дастарханнан дәм тату дәстүрін және бата беру үлгісін көрсетті. Қазақтың киімдері көшпелі мәдәниеттің қазынасы саналады. Кездесуге келген әжелер оқушыларға камзол мен күпінің, қалпақ пен мұрақтың ерекшеліктерін түсіндірді. Іс-шарада оқушылар тоғызқұмалақ, бестас ойнап, асық атып, арқан тартысты. 

Анаргүл Мәндібаева, Тұздыбастау ауылы №31 орта мектебінің директоры:

- Біздің оқушыларымыз көрдіңіздер бес тас, тоғызқұмалақ, одан кейін асық мұның барлығы біздің оқу-тәрбие процессімізде күнделікті жүргізіліп жатқан сабақтар бұлар. Тоғызқұмалақтан біздің мектебіміз облыс көлемінде жүлделі орындарға ие болып келе жатырмыз.

Ал ісмер мұғалімдер оқушылар мен қонақтарға шеберлік сағатын өткізді. Ұлттық киімді тігіп, ою салуды, жүн түтіп, киіз басуды үйретті. Наурызнама онкүндігінің мақсаты да осындай бай мұрамызды атадан-балаға жеткізу.

Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев