Наурызнама онкүндігі бойынша бүгін – Ұлттық киім күні. Бұл ұлттық нақыштағы сән үлгілерін танытудың тамаша мүмкіндігі. Қазір дизайнерлер мен қолөнер шеберлері қазақтың ұлттық киімдерін жаңа заманға лайықтап, жаңартып жатыр. Нәтижесінде сәні мен салтанаты келіскен бөрік пен тақиясынан бастап, шапан, кәжекей, тіпті саптама етігі де шетелдерге де таныла бастады.
Ұлттық киім күні – түптамырымызға оралып, төл мәдениетімізді мақтан тұтатын күн. Оның үстіне бүгінде нарықта тауар да, таңдау да көп.
Дизайнерлер ұлттық нақышты жаңа көзқараспен ұсынып, оны күнделікті өмірге бейімдеуге барынша тырысып келеді.
Әйгерім Үмітқалиева, дүкен қызметкері:
- Шапан түрінде де, пиджак түрінде де, бомбер түрінде де күнделікті кигенге ою-өрнектермен сәйкестендіріп жатырмыз. Ол бізде жақсы сұранысқа ие. Бұрынғы кездері той-жиындарға көбірек алатын бола, қазіргі кездері жастар өздерінің араларында тұтынуды, киюді трендке айналдырып жатыр.
Ұлттық нақыштағы камзол, шапан, сәукеле мен зерлі көйлектер – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан эстетикалық талғамын көрсететін құндылықтарымыз. Бірақ ондағы әрбір ою-өрнек жай әшекей емес. Өзіндік мәні, символдық мағынасы бар. Этнографтар: «Әр өрнек арқылы ата-бабамыз өз дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын, тіпті ақ тілегі мен ниетін де жеткізген»,- деседі.
Бұлбұл Кәпқызы, этнограф:
-Сәукелесін, көйлегін жасағанда мен ойладым, ертең ұзатып жатқан қызға не тілеймін? Мен қызға аққудың махаббатын, аққудың нәзіктігін, аққудың сұлулығын тіледім. Сондықтан мен оған аққу мойын салдым. Ол менің тілегім ғана. Ол жерде мен тілегімді жеткізіп тұрмын. Мысалы, әжем айтып отыратын, бұрынғы кезде жалпы алыс сапарға шығып бара жатқан кісіге тасбақа ою көп салады екен. Неге десе, тасбақа 300-400 жыл жасайды екен. Сондықтан тасбақа сияқты ұзақ ғүмыр тілеп, баласына тасбақа ою салған екен.
Бүгінде ою-өрнек сипаты да уақыт өткен сайын жаңарып келеді. Этнографтар мұны қалыпты құбылыс дейді. Себебі ұлттық киімді заманауи стильге бейімдеу - дизайнерлер шығармашылығының нәтижесі. Оны Семейде өткен сән көрсетілімінен-ақ байқауға болады.
Осылайша,ұлттық киім тек өткенімізді көрсететін мұра ғана емес, бүгінгі өмірде де өзіндік мәнін сақтап, заманауи стильге айналған мәдениет символына айналды.
Дана Әлиева, Мұхамедәли Тілдабаев