Елімізде алдағы 15 күн бойы «Франкофония көктемі - 2026» фестивалі өтеді. Дәстүрлі мәдени жоба аясында жеті қалада француз тіліндегі фильмдер көрсетіліп, концерттер, көрмелер мен әдеби кездесулер ұйымдастырылады. Шараны Франкофония халықаралық ұйымының қолдауымен елдегі тоғыз мемлекеттің елшілігі бірлесіп өткізуде. Фестиваль бағдарламасында атақты француз әнші-композиторы Voyou еліміздің үш қаласында концерт береді. Сонымен қатар литвалық пианист Муза Рубацките 15 сәуірде елордада өнер көрсетеді.
Сильван Гиоге, Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Франкофония көктемі фестивалін өткізу арқылы біз сіздерге француз тілінің байлығын паш етіп, мәдениетімізді танытқымыз келеді. Сондықтан бұл шараның маңызы зор. Мен өзім Өскеменге барып, француз киносы фестивалін ашамын. Сондай-ақ көрермендер Армения, Канада, Марокко және басқа елдерден келген фильмдермен таныса алады.