Елордада «Astana Eurasian Book Fair – 2026» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өз жұмысын бастады. Биылғы ауқымды шараға әлемнің 15 елінен 80-нен астам баспа, ғылыми-білім беру және полиграфиялық ұйымдар қатысуда. Оның жартысына жуығы – отандық мекемелер. Көрменің басты мақсаты – оқырманды жаңа әдеби туындылармен таныстырып, кітап мәдениетін дәріптеу. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда кітап мерекесін атап өтудің маңызын ерекше атап өткен еді.
Айтулы шараға келушілер алдағы бес күн бойы тегін кіріп, рухани жаңалықтармен таныса алады.
Абдулсамет Таш, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі Кітап ісі басқармасының директоры ісі басқармасы:
- Біз сіздерге түрік әдебиетінің классикалық және заманауи бағыттарынан іріктелген мыңға жуық автордың еңбектерін алып келіп отырмыз. Сонымен қатар бұл шараға сегіз баспа үйі қатысып, өз қорларындағы роман, повесть, әңгіме және поэзия жанрларындағы кітаптарын ұсынуда. 21 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан «ТЭДА» бағдарламасы аясында 99 баспаға қолдау көрсетіліп, нәтижесінде 1073 кітап қазақ және түрік тілдеріне аударылды. Біз сол аударылған еңбектерді де арнайы сіздерге таныстыру үшін бірге ала келдік.