Бүгін – Ұлттық кітап күні

  • 10
  • 23.04.2026, 21:45

Бүгін елімізде — Ұлттық кітап күні. Президент бастамасымен қолға алынған бұл мереке оқырман қауымды біріктіріп, әдебиеттің мерейін үстем етті. Қазір өңірлерде «Кітапхана түні», жазушылармен кездесулер мен сирек жәдігерлер көрмесі өтіп жатыр. 

Қазақстанда сотталғандардың кітап оқуы олардың мерзімінен бұрын босатылуына жанама әсер етеді. Қылмыстық кодекстің 72-бабына сәйкес, рухани даму мен өзін-өзі тәрбиелеу жаза өтеушінің түзелу жолына түскенін дәлелдейтін оң сипаттама ретінде ескеріледі.

Анжелика Терехина есірткі таратқаны үшін жеті жылға сотталған павлодарлық бойжеткен темірторда кітап оқуға бет бұрған. Бала кезден ғылыми әдебиетті сүйетін ол кітап арқылы қателігін түсініп, бостандыққа шыққан соң өмірін жаңадан бастауды көздейді. 

Анжелика Терехина, жазасын өтеуші:

- Соңғы кезде психология және бағдарламалау тілі бойынша көп кітап оқимын. Әлем әдебиеті мен көркем шығармаларды да оқып тұрамын. Қазір көкжиегім кеңейіп, өмірді басқаша қабылдай бастадым. 

Ал көршілес Өзбекстанда биыл қабылданған жаңа заңға сәйкес, сотталғандар әр оқыған шығармасы үшін бостандыққа үш күн ерте шыға алады. Осылайша білімге ұмтылғандардың мерзімі жылына бір айға дейін азаюы мүмкін.

Мереке аясында «Кітап – білім көзі, кітапханашы – оның тірегі» атты салтанатты жиын өтті. Шарада оқырман қауым мен сала мамандары ұлықталды. Мәселен, Алтынгүл Райханқызының отбасы «Үздік отбасылық оқырман» атанды. Төрт бала тәрбиелеп отырған ана перзенттерін кішкентайынан көркем әдебиетке баулыған.

Алтынгул Райханкызы, қала тұрғыны:

- Көбінесе медицина оқулықтарын аламын. Бұған дейін бұл оқулықтар болмаған, денсаулық қана журналы болды. Кейін келе кітаптарға толықтырылды. Қазір енді отбасымызбен оқимыз. Қыздарым балалар әдибеттерін, көбінесе қазақ ертегілерін көп оқиды. «Қожанасырды», «Менің атым Қожаны» көп талқылаймыз. Өте қызықты оларға. 

Елордадағы халықаралық кітап жәрмеңкесінде Камал Әлпейісованың «Өмір бояулары» туындысы таныстырылды. Бұл еңбек — адам психологиясы мен тағдыр тәлкегін дөп басқан заманауи прозаның үздік үлгісі. Егер сізді шынайы өмір салты мен терең иірімдер қызықтырса, бұл кітап қазақ әдебиетімен жақынырақ танысуға таптырмас мүмкіндік. 

Камал Әлпейісова, «Өмір бояулары» кітабының авторы:

- Бұл менің прозадағы төртінші еңбегім. Жақын арадағы айтқан жаңалығым, осы туындының дайын аудио нұсқасы шығады. Кітап оқитын ұлтқа айналғымыз келсе, балаларымызды, студенттерді кітап оқуға баулуымыз керек. Менің ең алғашқы «Айтылмаған әңгімелер» әңгімелер жинағы «Жастар арасында ең көп оқылған кітап» деген номинацияны алдым. Мына кітабымда соның жолын қуады деп ойлаймын. 

Бүгінде республикалық кітап қоры 110 миллионнан асты. Оның басым бөлігі — дәстүрлі баспа өнімдері. Ерекше айта кетерлігі, елімізде көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған 17 арнайы кітапхана жұмыс істейді. Мұндағы қор көлемі 1 миллионнан асады. Демек, қазір кітап оқимын деген оқырманға мүмкіндік көп. 

Диана Қадыр, Аманжол Байғазин