Музей – өткенді бүгінмен жалғайтын, тарих тағылымы өскелең ұрпақтың танымына жол ашатын киелі кеңістік. Бүгін – Халықаралық музей күні. Осыған орай Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сала қызметкерлерін құттықтады.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі:
- Мемлекет басшысының бастамасымен тарихи сананы жаңғыртуға, мәдени мұраны сақтауға және оны болашақ ұрпаққа жеткізуге айрықша көңіл бөлініп келеді. Жаңа Конституциямыздың құндылықтар жүйесінде мәдениет, білім, ғылым және инновация адам капиталын дамыту мен жасампаз қоғам қалыптастырудың маңызды негіздері ретінде ерекше мәнге ие болды. Сондықтан қазіргі музей – мұраны сақтайтын орын ғана емес, тәрбие, ағарту және ұлттық болмысты нығайту ісінің маңызды арқауы.
Елімізде 286 музей жұмыс істеп тұр. Онда 4,5 миллионнан астам жәдігер сақталған. Мұражайларға жыл сайын 6,5 миллионнан астам адам келеді. Бүгінде бұл нысандар ғылыми-зерттеу, білім беру және ағартушылық бағыттағы заманауи орталықтарға айналып келеді. Былтырдың өзінде республикалық музейлер мың жарымнан астам іс-шара ұйымдастырды. Саланы цифрландыруға да басымдық беріліп жатыр. Заманауи қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін электронды кіру жүйесі енгізілді. Сонымен қатар «E-museum» бірыңғай цифрлық платформа дамып келеді. Оған 284 музей қосылды. 15 виртуалды тур қолжетімді. Кешке елдің барлық өңірінде «Музейлер түні» дәстүрлі акциясы өтіп жатыр.