Биыл бірінші қыркүйекке дейін «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы іске қосылады. Ал жыл соңына дейін кітап оқу мәдениеті мен кітап ісін насихаттауға арналған 2027–2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітілуі тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы қол қойған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында айтылған. Құжатта тағы нендей тетіктер қарастырылған?
Енді елімізде кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктер үшін Ұлттық сыйлық тағайындалады және бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру жоспарланып отыр. Аға буын: «Бұл уақыт талабынан туындаған маңызды қадам», - деп отыр.
Сауытбек Абдрахманов, Мемлекет және қоғам қайраткері:
- Әкем 40 жасында өмірден өтті. Көп қасиеті бар еді. Бір қасиетін алып қалдым. Ол – кітапқақұмарлығы. Сол қасиет, қабілет, жасымыз 75-ке келсе де өмір бойы көтеріп, сүйрелеп келе жатыр. Ең бастысы, кітап оқу адамның аналитикалық қабілетін арттырады. Кітап оқу адамды бәсекеге қабілетті етеді. Бәсекеге қабілетті адамдар көбейген сайын ұлт та бәсекеге қабілетті бола түседі.
Президент Жарлығымен айқындалған шаралар кітапхана ісін жаңғыртып, отандық әдебиетті қолдауға, балалар мен жасөспірімдердің кітапқа қызығушылығын арттырып, цифрлық білім ресурстарын дамытуға бағытталған. Бұл ретте Үкіметке балалар мен жастар арасында кітап оқуға тұрақты қызығушылық қалыптастыру, оқырман инфрақұрылымын жаңғырту, ұлттық әдебиетті сапалы аудару және оны кең аудиторияға тарату бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Ғалым Қалибекұлы, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары:
- Одан бөлек, бұл кісі кітапхана және кітап шығару саласы бойынша заң қабылдауды ұсынды. Бұл өте керекті дүние. Қазір екінің бірінің қолында баспа бар. Екінің бірі келсін, келмесін кітап шығара алады. Ол кітаптарда сарапатамадан өту жоқ. Осыны жүйелестіру керек боп тұрған дүние еді. Қолымызға түскен кітаптардың барлығы сапасыз кітаптар, мазмұндық, техникалық жақтан да сапасы нашар.
Президент бұған дейінгі халыққа Жолдауларында және Ұлттық құрылтай отырыстарында «Кітап оқитын ұлт» идеясын тұрақты түрде көтеріп келеді. Былтыр Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Кітап оқитын ұлт» жобасы көпшілікке жол тартқан еді.
Қарағанды облысы алғаш болып үн қосып, пилоттық форматта байқау өткізді. Өңірден байқауға 68 мың адам қатысты. Олар кітап оқып, шығармашылық тапсырмалар орындап, зияткерлік байқауларда бақ сынады.
Дана Бахтығалиева, «Кітап оқитын ұлт» жобасының жетекшісі:
- Техноологиялар дамыған заманда адамдардың қолына кітап ұстату оңай емес. Басында күмән да, уайым да болды. Бірақ бірте-бірте кітап оқу дағдысы қалыптаса бастады. Одан бөлек, әлеуметтік желіде ресми парақшаларын ашып, бірнеше айдар бастап кеттік. Оның ішінде «Кітап батл» деген айдарды халық өте жылы қабылдады.
Осылайша, «Кітап оқитын ұлт» жобасы халық арасында оқу мәдениетін қалыптастыруға, сыни ойлауды дамытуға және зияткерлік әлеуетті нығайтуға бағытталған ауқымды бастамаға айналды.
Құралай Жұмахан, Руслан Нұрланұлы