Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні Президент Жарлығымен 2013 жылдан бері аталып өтеді. Елімізде 7,5 мың мәдениет ұйымы бар. Соңғы жылдары мәдени инфрақұрылымды дамытуға баса мән беріліп келеді. Былтыр 252 нысан жөндеуден өтсе, биыл тағы 60-тан астам мәдениет ошағы салынуда. Бұл салада 56 мыңнан астам адам еңбек етеді. Мәдениет және архив қызметкерлерінің жалақысы екі есе өсті.
Өмірсерік Араповтың өнер жолында жүргеніне жарты ғасырдан асқан. Сазгер және бірнеше музыка аспабында шебер ойнайды. Дарын иесіне «Құрмет» ордені тапсырылды. Өз ісіне шын берілген кәсіби маман төл мерекесінде Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрімен бірге сахнада өнер көрсетті.
Өмірсерік Арапов, «Құрмет» орденінің иегері:
- Біріншіден, ұстаз ретінде шәкірт тәрбиелеп, екіншіден, аспапшы әртіс ретінде, үшіншіден, композитор ретінде еліме еңбек сіңіріп келе жатырмын. Сол еңбегім ақталып, «Құрмет» орденімен марапатталдым. Өте қуаныштымын.
Биыл мәдени инфрақұрылымды дамыту – мемлекет тарапынан ерекше назарда. Театр, музей, кітапханаларды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Нәтижесінде халықтың өнер туындыларына қызығушылығын арттырып, шығармашылық ортаға қолайлы жағдай жасау көзделіп отыр. Мамандардың айтуынша, ұлттың өткені мен мол мұрасын тануға ұмтылатындар да көбейген.
Гүлдана Бейсенғалиева, Қарағанды облысы Долинка кенті саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінің басшысы:
- Қазіргі таңда музеймен, кітапханамен, театрмен өте көп жас қарқынды түрде қызығушылық танытуда. Мысалы, егер 5 жыл бұрын салыстыратын болсақ, музейге келушілердің саны қазіргі таңда бес есе өсті деп айта аламын жәнеде жастар, жасөспірім балалар барлығы өз еріктерімен немесе сыныптарымен жиналып, жақсы келеді.
Өткен жылы 61 мәдениет нысанының құрылысы басталып, 252 нысан жөндеуден өткен. Биыл тағы 64 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Цифрландыруға да баса мән беріліп отыр. Музейлер мен кітапханалар тиісті электронды жүйелермен қамтылуда.
Ғазиза Нұрғалиева, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры:
- Жасанды интеллект кітапхана саласына, әсіресе іздеу процесі үшін өте қажет. Өйткені Ұлттық кітапханада 7 миллионнан астам қор бар. Ол ақпаратты іздеу уақытын жылдамдатады. Жасанды интеллекттің пайда болуы мен цифрлық технологиялардың дамуы дәстүрлі материалдарды, дәстүрлі құжаттарды және дәстүрлі қызметті жоймайды. Керісінше, олар бір-бірін толықтырып, өзара көмектеседі.
Уақыт талабына сай, қызметкерлердің де біліктілігін арттыру тұрақты жолға қойылған. Мәселен, жуырда өткен «Мәдениет және инновация» форумында өңірлерден жүздеген маман қатысып, саланы дамытудың жаңа тәсілдері талқыланды. Ал бүгінгі айтулы күнге орай, ел аймақтарында мерекелік шаралар өтіп, саланың өркендеуіне үлес қосқандар марапатталды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Аманжол Байғазин