Күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы болған ұлы ойшыл, ақын Қожа Ахмет Ясауидің қолжазбалары мен хикметтері бірнеше елге тарап кеткен. Қазір оларды жинақтап, зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Ғұламаның 250-ге жуық хикметі Ташкенттегі ескі кітапханалардан табылған. Кейбірін Түркістан қаласы мен Сауран ауданының тұрғындары Әзірет Сұлтан ұлттық тарихи-мәдени музейіне өткізген. «Осы дүниелер негізінде Ясауидің философиялық ой-толғамдарын тереңірек зерттей түсу керек», - дейді отандық ғалымдар.
Бұл туралы Түркістанда өткен республикалық конференцияда айтылды. Жиында Ясауи мұрасын заманауи туризммен, креативті индустриямен ұштастыру жайы да сөз болды. Әр өңірдің туристік әлеуеті де таныстырылды.
Нұралы Әбішев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы:
- Еліміздің барлық өңірлерінде ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен мәдени іс-шаралар, кітапханаларда ашық дәрістерді жүйелі түрде өткізу ұсынылады. Ясауи мұрасын кеңінен дәріптеуге бағытталған ақпараттық жобалар жастардың тарихи танымын тереңдетіп, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыруға және Түркістанның еліміздегі негізгі туристік орталықтардың біріне айналуына ықпал етеді деп сенеміз.