Жезқазғанда заманауи Оқушылар сарайы ашылды

  • 3
  • 01.06.2026, 19:55

Жезқазғанда балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы ашылды. Сәулеті келіскен заманауи оқушылар сарайын Болат Өтемұратов қоры сыйға тартты. Аумағы 2600 шаршы метр болатын ғимаратта бір мезгілде 250 бала шығармашылықпен айналысады. Ондағы білім, өнер және спорт үйірмелері толықтай соңғы үлгідегі жабдықтарымен қамтылған.

Қосымша білім беру орталығы Жезқазғанның батыс бөлігіндегі жаңадан бой көтеріп жатқан шағын ауданда салынды. Құны 4 миллиард теңгені құрайтын жобаны Болат Өтемұратов Қоры жүзеге асырып, бүлдіршіндерге тарту ретінде табыстады. Қос қабатты ғимаратта 60-тан астам үйірме жұмыс істейді. Онда күн сайын 600 бала қосымша біліммен қамтылады. 

Дастан Рыспеков, облыс әкімі:

- Бұған қоса комьюнити орталықтарында 600-ден астам баланың тұрақты түрде шығармашылықпен айналысуына толық жағдай жасалды. Бұл балаларымыздың тұрақтылығы және жақын маңда білім алып, бос уақытын тиімді өткізуге берілген зор мүмкіндік. 

Оқушылар сарайында медиаорталық, хореография және жекпе-жек залдары, робототехника, жаратылыстану және STEM-орталығы бар. Инклюзивті орта қалыптастыруға да айрықша көңіл бөлінген. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың кедергісіз келуіне барлық жағдай жасалған.

Айнұр Карбозова, Б. Өтемұратов Қорының директоры:

- Информатика, цифрландыру өнері мен графикалық дизайн, музыкалық аспаптар бөлмесі, бәрі-бәрі халықаралық білім беру саласындағы стандарттардың ең жоғары талаптарына сәйкес жабдықталған. 

Зина Ақылбекова, Балалар құқығын қорғау басқармасының басшысы:

- Қосымша білім алатын балалардың пайызы өседі. Қазіргі таңда 69 пайыз қосымша білім алады. Ол енді тағы көбейіп, 80 пайызға жететін болады. Бұл біз үшін, балалар үшін, ата-аналар үшін жақсы мүмкіндік. 

Ғимаратта сондай-ақ акт залы, медициналық кабинет пен коворкинг орталығы бар. Негізгі ғимараттан бөлек, нысанның айналасы да абаттандырылып, бірнеше спорт алаңы салынған. 

Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев