Ақтаулық өрендер сурет салу байқауында сынға түсті

  • 5
  • 01.06.2026, 19:58

Мерекелік шара шаһардың көрнекті жерінің бірі «Жартасты соқпақ» алаңында өтті. Балалар кенеп матаға және тротуарға Каспий теңізін мекендейтін құстар мен хайуанаттарды бейнелеп, көпшілікті қоршаған ортаны аялауға үндеді. 

«Жартасты соқпақ» сүрлеуінде таңсәріден мерекелік ән әуелеп, күй күмбірледі. Көрермен концерттік бағдарламаны тамашалап, жастайынан сурет салуға бейім өрендердің өнеріне тәнті болды. Жеткіншектер Маңғыстаудың көрнекті жерлерін, қызғылт қоқиқаз, аққу, Каспий итбалығының суретін салу арқылы көпшілікті табиғатты қорғауға шақырды. 

Айжайнақ Қанат, оқушы: 

- Маған қатты ұнап жатыр. Өте қызықты. Таңертең ерте тұрып, дайындалып отырдық. Балаларды қорғау күніне қарай табиғат та, дала да күшті болып тұр. Дизайнер болғым келеді, өз ойларымды сала беремін. 

Өнер байқауын облыс прокуратурасы мен қала әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды. Сурет салу сайысына өңірдің барлық аудан-қаласынан келген 300-дей оқушы қатысты. Олардың арасында ерекше қажеттілігі бар балалар да бар. Ұйымдастыру алқасы шара соңында оқу құралдары мен теңізге шомылу киімін сыйлап, қатысушыларды қуантты.

Сәкен Сәмет, облыс прокурорының орынбасары: 

- «Заңды құрметтейтін ұрпақ» дейтін жобада көптеген іс-шаралар жүргізілді. Жалпы бұл шара балалардың қауіпсіздігіне, балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Прокуратураның басты міндеттерінің басым бағыттарының бірі болғандықтан бұл жерде ешкім сыйлықсыз қалмайды. Бірінші орын, екінші орын деп бөлмей, барлығына бірдей деп айтсақ та болады. 

Халықаралық мерекеге орай Маңғыстаудың барлық елді мекенінде мәдени-танымдық шаралар өтіп жатыр. Балаларға арналған театр қойылымдары мен ойын-сауық бағдарламалары тегін ұйымдастырылуда. Кешқұрым Ақтау жағажайындағы амфитеатр сахнасында ауқымды концерт өтеді деп жоспарланған.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев