Астанада Мемлекеттік рәміздер күніне орай көрме өтіп жатыр

  • 10
  • 04.06.2026, 19:36

Мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігінің айғағы, ұлт мақтанышы. Оларды қолдану заңмен реттелген. Мамандардың сөзінше, әрбір рәміз арнайы тіркеуден өтеді және жарамдылығы тұрақты бақылауда. Ал оны өндірумен арнайы рұқсаты бар компаниялар ғана айналысады. Осы аптада Астанада рәміздер тарихынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылып, осы ақпараттарды түсіндіру шаралары өткізілді.

Мемлекеттік рәміздерді насихаттау, олардың тарихын түсіндіру және басты нышандарға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Осы міндетті орындайтын ресми орган бізде Геральдикалық зерттеулер орталығы деп аталады. Сол мекеменің мамандары дүйсенбіден бері Астанада суреттар көрмесін өткізіп жатыр.

Әділхайыр Мырзаханов, «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ директорының міндетін атқарушы:

- Көрме күн сайын әртүрлі локацияларда ұйымдастырылып жатыр. Бірінші күні Ботаникалық саябақта өтті. Екінші күні жағалауда қойылды. Жалпы бұл архивтік фотоқұжаттар көрмесіне 15 сурет қойылған. Суреттерде мемлекеттік рәміздеріміздің тарихы, олардың қалыптасу кезеңдері, сондай-ақ мемлекеттік рәміздердің авторларына қатысты архив құжаттары ұсынылған.

Көрмеге Ту мен Елтаңбаның эскиздерінен бастап, олардың қазіргі үлгілері қойылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта еліміздің барлық өңірлерінде өткізіледі. Мемлекеттік рәміздерді пайдалану мен сақтау да ерекше жауапкершілікті талап етеді. Мамандардың сөзінше, әрбір рәміз арнайы тіркеуден өтеді және олардың жарамдылығы тұрақты бақылауда.

Сұлтан Оразаев, «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ бөлім басшысы:

- Мемлекеттік рәміздер 2 түрге бөлінеді. Біріншісі нысан ішінде орналасса, екіншісіне сыртта ілінетін символикаларды жатқызамыз. Сәйкесінше, далада ілінген рәміздер тез жарамсыз болып жатады. Комиссия шешімі бойынша рәміздер ауыстырылады немесе қайта өңдеуге жіберіледі. Ал мемлекеттік рәміздерді өндірумен тек арнайы рұқсаты бар және мемлекеттік стандарттарға сай жұмыс істейтін кәсіпорындар айналыса алады.

Рәміздер күніне арналған шараға келген тұрғындар да мемлекеттік нышандардың ел бірлігі мен тәуелсіздігін айшықтайтын құндылық екенін атап өтті.

Блиц-сауалнама:

- Қазақ еліне тыныштық, бейбітшілік тілеймін. Бүкіл Қазақ елін осы рәміздер күнімен құттықтаймын.

- Біздің рәміздеріміз – тәуелсіздігіміздің тұғыры десек, артық айтқандық емес. Өйткені тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ.

- Осындай рәміздерімізді мақтан тұтамын. Әсіресе Туымызды мақтан етемін. Туымыз өте әдемі, мен үшін ең әдемі ту.

Осы әдемі туымызды әлемдік ареналарда желбіретіп жүрген отандастарымыз қаншама. Әсіресе өнер адамдары мен спортшылардың орны бөлек.

Мейрамғазы Сапарғалиев, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі:

- Былтырғы медальдар жиынтығына қарайтын болсақ, халықаралық жарыстарда Әнұранымыз 487 рет шырқалып, Көк Туымыз 1295 рет көтерілді. Биылғы жылы отандық спортшыларымыз 200 медаль жеңіп алды. Оның ішіндегі ең негізгісі – Қысқы Олимпиада ойындары.

Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібіне тоқталсақ. Оларды мемлекеттік мекемелерде ілумен қатар, спорттық және өзге де қоғамдық іс-шараларда пайдалануға рұқсат. Жеке тұрғын үйлерде, балконға ту ілуге де арнайы талаптар белгіленген. Бұл ретте Ту ұқыпты сақталып, таза, бүтін күйде болуы керек және еш зақымданбауға шарт.

Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Мүлейманов