с.
КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына арналған концертті көрермен сүйсіне тамашалады.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Мемлекет басшысының құттықтаухатын оқыды. Президент құттықтаухатында «Ермек Серкебаев – ұлттық өнердің өресін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан бірегей дарын иесі. Талантты тұлға қазақ және әлем операларындағы таңдаулы партияларды асқан шеберлікпен орындап, талай туындыны классикалық музыканың биігіне көтерді. Осылайша, қайталанбас қолтаңбасы бар ән мектебін қалыптастырды. Дара тұлғаның ғасыр тойы - ұлттық мерей, оның өрелі өнері, бекзада болмысы - өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондықтан Ермек Серкебаевтай ұлт перзентінің есімін ұлықтау, оның мұрасын дәріптеу - баршамызға ортақ міндет», - деп жазылған. Өз кезегінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева концерт – ұлы өнер иесіне деген алғыс пен құрметтің белгісі, сондай-ақ ұлттық мәдениетіміздің лайықты жалғасы екенін тілге тиек етті.
Мұрат Серкебаев, Қазақстанның Халық әртісі:
- Серкебаевтар әулеті үшін бұл концерт үлкен той іспетті. Біздің көңілімізден шықты. Көпшілік үлкен қошеметпен тамашалады. Отандық өнерге деген қолдау әрдайым осындай жоғары деңгейде болса деген тілегім бар. Осы сәтті пайдалана отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа шексіз алғысымды білдіргім келеді.
Концертке өнер иесі әулетінің өкілдері, белгілі әншілер қатысты. Ермек Серкебаевтың репертуарындағы классикалық шығармалар, халық әндері және отандық музыка мәдениетінің алтын қорына енген туындылар орындалды.
Байғали Серкебаев, «А’Студио» тобының жетекшісі:
- Тамаша музыкалық кеш болды. «Әншілер де, көрермендер де құлақ құрышын қандырды», - деп ойлаймын. Отандық өнер үшін өлшеусіз үлес қосқан әкемді мақтан тұтамын. Елімізді әлемге танытты. Президентке көп рақмет.
Іс-шара барысында Ермек Серкебаев қалыптастырған ән мектебі, сахна мәдениеті және ұлттық өнерге сіңірген еңбегі көрермен назарына ұсынылды.
Ернар Сәдірбаев, әнші:
- Байғали ағамен сөйлестім. Өмір жолын сұрастырып жатырмын. Көптеген қазақ және орыс тілдеріндегі классикалық әндерді кинофильмдерде орындады. Кинофильмнен тыс әйгілі, елімізге беделді баритондардың бірі болды. Әрине, ол кісінің өнерімен таныспын.
Ермек Серкебаев камералық және эстрадалық әнші ретінде де танылды. Оның репертуарында қазақтың халық әндерімен қатар, дүниежүзі композиторларының таңдаулы туындылары болды. Ол бірқатар фильмге де түсті. Көптеген беделді байқаулар мен дүниежүзілік фестивальдарға қатысып, жеңімпаз атанды. Қазақтың ән өнерін Еуропа мен Азияның көп елінде және АҚШ-та өткен қазақ мәдениетінің күндерінде кеңінен насихаттады.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Қанат Махмутов