«Түркі фольклорлық мұрасының антологиясы» үш жылда толық жарық көреді

  • 8
  • 07.07.2026, 19:47

«Түркі фольклорлық мұрасының антологиясы» 40 томнан асады. Бүгінгі таңда оның жеті томы жарық көрді. Бұл туралы Бакуде өткен «Түркі әлемі апталығы» барысында Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді. Жалпы барлық жинақ алдағы үш жылда басылып шығады.

Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры президентінің айтуынша, бұл бауырлас елдерге ортақ мұра. Антологияға қаһармандық және романтикалық эпостар, аңыз бен ертегілер кіреді. Бұған қоса, мақал-мәтелдер қосылады. Қор Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің бастамасымен 2012 жылы құрылған. Сол уақыттан бері бірталай жоба іске асты. Әсіресе соңғы жылдары қолда бар дүниені цифрлық платформаға енгізу жөнінде қыруар жұмыс атқарылған. Ал жуырда Қазақстанда өткен Түркі мемлекеттерінің бейресми саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірегей мұраны сақтау жөніндегі конвенцияны әзірлеуді ұсынған еді. Бұл бастамалардың мақсаты – туысқан елдердің арасындағы байланысты нығайту.

Ақтоты Райымқұлова, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті:

- Бұл конвенция ЮНЕСКО-мен бірегей жұмысты жасап, дүниежүзілік ұйымның көмегімен біздің түркі мәдениетінің және түркі мұрасының материалдық, материалдық емес мұрасын сақтау бойынша заңнама ретінде осындай платформа жасауға тапсырма берді. Осы тапсырманы біз қазір жүзеге асырып келеміз, жақында осы күзде немесе ендігі көктемде болсын бүкіл мемлекеттер бірігіп, эксперттердің негізінде бір комиссия құрып, осы үлкен жұмысты жасап жатырмыз.