Алматыда «Менің ғажайып әлемім» атты көрме ашылды

  • 8
  • 08.07.2026, 19:44

Алматыдағы Ұлттық орталық музейде суретші-иллюстратор Гүлфарида Жаниярованың «Менің ғажайып әлемім» атты жеке көрмесі ашылды. Ол көпке театр костюмі суретшісі, авторлық қуыршақтар шебері ретінде танымал. Экспозиция көрерменге осы арқылы автордың көпқырлы шығармашылық әлемін таныстырады. Оның туындыларында сәндік нақыш, ұшқыр қиял, айналадағы дүниені шынайы сезіну үйлесім тапқан.

Гүлфарида Жаниярова Халықаралық авторлық қуыршақ ұйымының құрамына еліміздің атынан алғаш болып қабылданған. Туындылары халықаралық көрмелерге қойылып, өнерсүйер қауымның ықыласына бөленіп жүр. Бұл жолы көпшілік назарына 50 кескіндеме мен 20-ға жуық авторлық қуыршақ қойылды.

Гүлфарида Жаниярова, суретші - иллюстратор:

- Бала кезімнен қуыршақты жақсы көремін. Менде қуыршақ өте көп. Оны жасамас бұрын әбден зерттеп алам. Бір қуыршаққа 2-3 ай уақыт кетеді.  Мәселен, «Томирис», «Шыңғысхан»» сияқты қуыршақтар ұзақ жасалды. Кескіндеме немесе қуыршақ деп бөліп жармаймын. Екеуі де мен үшін ыстық. Ал гүл тақырыбында жазылған «Калла гүлдері», «Қызыл раушандар», «Күнбағыс» шығармаларын осы көрмеден көре аласыздар.