Биыл қазақ циркінің ашылғанына 56 жыл толды

  • 6
  • 07.07.2026, 19:53

Елімізде кәсіби цирк өнерінің қазығы қағылған уақыт отандық цирк өнерінің қара шаңырағы «Қазақ мемлекеттік циркінің» құрылуымен басталады. Бүгінде «Астана циркі» – еліміздегі ең ірі замануи сәулет өнері. Ол ғарыш кемесіне ұқсас пішінімен елордаға келген жұрттың назарын бірден өзіне аударады. 20 жылдан аса уақыт қызмет етіп тұрған өнер ордасы бүгінде көрерменге қандай туынды ұсынып отыр? Әртістердің әлеуеті қандай? 

Жиылған қауымды таңғалдырып, таңдай қақтырып, қала берді ішегі түйілгенше күлдіре білу – үлкен өнер. Ішек-сілемізді қатыратын сол артистер үнемі қауіп пен қатердің қасында жүреді. Соған қарамастан, өз ісін жанынан артық сүйетін таланттардың бірі Назерке Мерекеқызы. Анасы грим бөлмесіне кіріп, үлкен сахнаға дайындалып жатса, ұлы оны тыныш қана күтіп отыруға әдеттеніп қалған. Бұл баласы үшін жай ғана анасының жұмысы болуы мүмкін, ал санаулы минуттардан соң ол қалың көрермен үшін ғажайып кейіпкерге айналады. 

Назерке – арқанмен жүру өнерінің шебері. Бұл есепке құрылған әр қимылың шалыс кетсе, өмірмен қош айтысарлықтай ауыр өнер. Мұндай қауіптің бар екенін біле тұра, ол бұл жолды саналы түрде таңдаған. 

Назерке Мерекеқызы, арқанмен жүруші:

- Мен өз өмірімді цирксіз елестете алмаймын. Адреналинге толы өнер ғой. Өз тюркіңді аяқтап, көрермен қол шапалақтаған соң көп энергия аламын. Кейде әрине, жарақат алатын кездер болады. Одан кейін қайта қалыпқа келу де көп уақытты алады. Десе де, қайтып кетіп, қайта оралатындар бар. Себебі біз циркті емес, цирк бізді таңдады деп ойлаймын. 

Түнғалат Өселбаева да қиын да қызық өнер жолын таңдаған. Қазір ол жан-жануардың тілін жақсы түсінеді. Айтуынша, көкте қалықтағанда өз денесін емес, жануарларды тізгіндеу қиындық тудырады. 

Түнғалат Өселбаева, жаттықтырушы:

- Жаттықтырушы – ең ауыр мамандық. Өйткені мұнда жауапкершілік жоғары. Өз өмірің үшін ғана емес, қолыңдағы жан-жануар үшін жауаптысың. Ең алдымен, солар үшін алаңдайсың. Мен өз жануарларымды жақсы көремін. Сен оларды шын ниетіңмен жақсы көрсең, олар да бәрін сезіп, саған сенеді. 

Астана циркінде 300-ден аса адам жұмыс істейді. Өнер ордасында жыл бойы отандық және шетелдік цирк әртістері, акробаттар мен үйретілген жануарлар қызықты шоу жасап, көрермен көңілінен шығуға талпынып келеді.

Айгерім Тілегенова, бас режиссёр:

- Біздің жұмысты өмір мен өлім арасында деп айтсақ та болады. Соған қарамастан, біздің әртістер мұқым қауым үшін жанын салады. Осындай бекзат өнерге мемлекеттік қолдау қажет екенін де айта кеткім келеді. 

Осынау сиқырлы цирк өнері қазақтың қанында бар ма дерсіз?! Құралайды көзге атқан мергендер, түйе палуандар, желмен жарысқан желаяқтар, ол аз десеңіз, Парижде әйгілі палуан Қажымұқанның шойын жол темірін мойнына галстукше байлап әлемді мойындатқанына тарих куә. Қала берді, қазақтың саятшылық салты мен құсбегілік дәстүрінде де цирктің бастауы жатыр. Шәкәрім ақынша айтсақ, «табиғаттың сырын меңгерген әулие адамдар» біздің түп-тұқиянымызда болған. Ендеше қазақ циркінің дамуы қазақы салтымыздың жаңғыруы болмақ.

Құралай Жұмахан, Қанат Әбілдин