Павлодар облысында Алтын Орда дәуірінің жәдігерлері табылды

  • 6
  • 09.07.2026, 19:55

Павлодарлық археологтар Алтын Орда дәуіріне тиесілі бірегей тарихи жәдігерлерді анықтады. Ғалымдардың айтуынша, табылған деректер бұл аумақта кезінде ірі сәулет нысаны болғанын аңғартады.Зерттеушілердің назарын ең алдымен күйдірілген кірпіштердің көптігі аударған. Мұндай құрылыс материалы Алтын Орда кезеңінде сарайлар, мешіттер мен кесенелер тұрғызуда кеңінен қолданылған. Археологтар бұл олжаның қандай тарихи құпияны ашуы мүмкін екенін анықтап жатыр.

Экспедиция бағыты Ертістің сол жағалауындағы аумақтарды қамтиды. Зерттеу жұмыстары Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында жүргізіліп жатыр. Маңызды нысандардың бірі Жантай қонысы. Қазба жұмыстарының алғашқы күндерінде-ақ археологтар көне сәулет нысанының іздерін анықтады. Бұған аумақтың әр жерінен табылған күйдірілген кірпіш сынықтары дәлел. Мамандардың айтуынша, мұндай құрылыс материалы кейінгі тарихи кезеңдерге тән емес.

Асқар Әбілдин, оқу археологиялық тәжірибесінің ғылыми жетекшісі:

- Өлшемдері 25*25 болатын Алтын орда стандарттарына яғни сол кезеңге жататыны белгілі болды. Дәл осы формат алтын орда кезеңідегі кесене, мешіттерде сарайларда және тағы басқа құрылыс сәулет өнерінде қолданылғаны дәлелденіп отыр.

Қазба кезінде киімге тағылатын металл әшекейлер мен моншақтар жиынтығы табылды. Металл бұйымдарға жүргізілген жедел сараптама олардың құрамында қорғасын мен қалайы мөлшері жоғары екенін көрсетті.

Елена Тушева, эксперименттік археология зертханасының меңгерушісі:

- Моншақтарды зерттеу барысында олардың барлығы сырттан әкелінгені анықталды. Бұл Алтын Орда дәуірінде жергілікті халықтың алыс өңірлермен экономикалық әрі мәдени байланыс орнатқанын көрсетеді.

Табылған олжалардың қатарында каури ұлуының қабыршағы да бар. Олардың табиғи мекені Үнді мұхиты.Биоархеологтардың пікірінше, бұл жәдігер Ұлы дала мен Оңтүстік Азия өркениеттерін жалғаған көне сауда жолдарының болғанын дәлелдейді.

Наталья Миллер, биоархеолог:

- Морфологиялық ерекшеліктеріне қарай бұл қабыршақ каури тұқымдасына жататыны анықталды.Табиғи жағдайда ол Үнді мұхитында, әсіресе Мальдив аралдары, Оңтүстік Азия және Шығыс Африка жағалауларында кездеседі. Біздің өңірдің су айдындарында олар тіршілік етпейтіндіктен, бұл жәдігердің сырттан әкелінгені анық.

Археологтардың айтуынша, бұл бірегей олжалар өткен тарихтың жаңа беттерін ашып қана қоймай, Алтын Орда дәуірінде Ертіс өңірі мәдени, қолөнер және сауда орталықтарының бірі болғанын дәлелдейді.

Авторлар: Рүстем Қайратұлы,Валентина Леонова, Марат Игликов.