Биыл халық әртісі Әлібек Дінішев мерейлі 75 жасқа толады. Ол тек еліміздің ғана емес, әлемдік опера өнерінің саңлағы. Ел мәдениеті мен музыка өнерін дәріптеуге өлшеусіз үлес қосты. Еңбегі еленіп «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алып, «Парасат», «Отан» ордендерімен марапатталды.
Әлібек Дінішев бала кезден өнерге жақын болды. Анасы – Кәмила, атақты Мүсілім мен Ришат Абдуллиндердің қарындасы. Алғаш болып кішкентай Әлібектің музыкалық қабілетін анасы байқайды. Жас таланттың өнерін шыңдау үшін оны музыкалық мектепке оқуға береді.
Әлібек Дінішев, опера әншісі, Қазақстанның еңбек ері:
- Мен музыкалық мектепте аккордеон сыныбында оқыдым. Аспап ауыр болатын. Ал мен кішкентай едім. Сонда анам күнде аспапты көтеріп, мектепке апарып-алып келетін. Өнердегі алғашқы ұстазым анам деп айта аламын. Музыкаға баулып, нотаны үйреткен де сол кісі болатын.
Ол мектепті тәмамдаған соң Чайковский атындағы музыкалық училищеде білім алады. Одан кейін Құрманғазы атындағы консерваторияның вокал класына түседі. Мұнда оны кәсіби әншілікке профессор Надия Шарипова баулиды. Әлібек Мұсаұлы 1976 жылы Тбилисиде өткен Михаил Глинка атындағы бүкілодақтық вокалистер байқауында бірінші орынға ие болып, лауреат атанады.
Шахимардан Әбілов, Қазақстанның халық әртісі:
-Әлібектің дауысы тенор болды. Өте майда дауыс, лирикалық тенор. Дауысының күштілігін мен айтпай-ақ қояйын. Бірақ сол өзінің жаңағы дауысымен, үнімен былай айтқан кезде майдалап, адамның жүрегін баулап алады.
Әлібек Дінішев алғашында «Жетіген» ансамблінде ән айтады. Кейін Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияға ауысады. Араға біраз жыл салып өнер жолын Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында жалғастырады. Ол тыңдарманды қазақ халық әндерімен, орыс романстарымен және Батыс Еуропа композиторларының арияларымен шебер орындап баурап алды.
Гүлнәр Жидилова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Әлібек Дінішев шетелде өнер көрсеткенде италиялықтар қатты таң қалды. Өйткені әлемге әйгілі тенорлардың көбі еуропалықтар болатын. Олар Қазақстаннан дәл сондай деңгейдегі әншіні көреміз деп ойламады. Әлібек Мұсаұлы еліміздің опера өнерінің символы деп айта аламын.
Ол Алжир, Перу, Португалия, Финляндия, Швеция, Марокко сияқты бірнеше елге концерттік сапар жасады. Әлем мойындаған опера өнерінің көрнекті тұлғасы дейтініміз осыдан. Оның өнерге деген адалдығы жас өнерпаздарға үлгі болары сөзсіз.
Ернұр Рысбай, Айдос Қалиев, Эдуард Кон