Тойдың да тойы бар, қазынасы бір бөлек. Елге белгілі белсенділер, қоғам қайраткерлері мен руханият жанашырлары тойды реттеу керектігін айтып, тағы да мәселе көтеруде. Айтуларынша, әңгіме тойдың өзінде емес, тойды берушінің де, тойға келушінің де ниетінде. Ал ол түзелуі үшін қайтпек керек?
Бос мақтан, баянсыз дүрмек. Қоғамда той мәдениетінің тура жолдан тайып, даңғазалықтың даңғылына түсіп, бейәдеп болмыстарға бой алдыра бастағаны туралы айтылып, жазылып жатқалы қай заман.
Омар Жәлел, Абайтанушы:
- Қазіргі кезде біздің тойлар қоғамға зиянын тигізіп жатыр. Халық кәдімгідей шаршап кетті.
Белгілі этнограф Төрехан Майбас халықтың той мәдениетіне шамшырақ болатын, ұлтты ұйыстыратын үлкен бір жиын керектігін алға тартады және ол үшін тыңнан түрен салудың қажеті жоқ. Ұмыт болған дәстүрді қайтару жеткілікті.
Төрехан Майбас, этнограф:
- Қазақтың ең үлкен тойы – ұран той. Бұл өмірде бір-ақ рет өтетін жиын. Оған қазақтың үш жүзінің өкілдері бас қосады. Сонда қандай мәселелер шешіледі? Ұлттық деңгейдегі маңызды мәселелер талқыланып, шешім қабылданады. Қазіргі құрылтай ұғымы соған жақын. Ұран дегеніміз не? «Ұран!» десе, қазақтың түгел орнынан көтерілетінін білдіреді. Яғни бұл елді бірлікке шақыратын ұлттық деңгейдегі жиын. Осындай той қазақ даласында болуы керек.
Әйтпесе тойдың рухани салмағы жоғалып, ақшалай ауыртпалығы артып барады. Парыз принципі қарызға батыруда. Ағайынға бір той бере алмасам, атым өшсін деген жалған намыс. «Тағы сол көптің көзайымы болу үшін ақша шашу, ұят болмасын деп қымбат дастархан, қымбат киім, қымбат өнерпаздарды шақыру келеңсіздіктің бір қыры», - дейді абайтанушы Омар Жәлел. Мәселе тойдың өзінде емес, адамдарда.
Омар Жәлел, абайтанушы: - «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның», – дейді. Мысалы, көпшілік «той жасау керек» десе, адамдар соған бірден көнеді. Бұл – надандықтың белгісі. Ал енді көпшіліктен ел болу деңгейіне көтерілу керек. Ол қалай жүзеге асады? Абай айтқандай, «көпте ақыл жоқ, ебін тап та жөнге сал». Сондықтан мәселе – жақсыларды жоғары шығарып, елдің жамандары солардың сөзіне қарап, бағыт алатын деңгейге жетуде. Қазір бізде интеллектуалды ұлт қалыптастыру міндеті тұр. Біз осы бағытта жұмыс істеуіміз керек.
Тойдың түйткілі қоғам қайраткерлерін былай қойғанда, билік өкілдерінің де көкейінде жүрген мәселе екеніне көз жетті былтыр. Әр жылдары қоғамдастық өкілдері, ақсақалдар тойды тәртіптеудің түрлі жолдарын ұсынып келеді. Айталық, қонақ санын шектеуден бастап ас мәзіріне дейін түзетулер қажет деп келді. Ал тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы әуелі той мәдениетін мазмұн тұрғысынан байыту қажеттігін алға тартуда.
Оразкүл Асанғазы, қоғам қайраткері:
- Діни басқарма жаназа, қырқын және ас беру рәсімдерін реттеп жатыр. Мен бұрын қызмет атқарған кезде Астана қаласының Тіл басқармасында той жүргізушілерді жинап, олармен осы бағытта жұмыс істегенмін. Бірнеше рет жиналыс өткізіліп, бұл мәселе біртіндеп ретке келтірілді. Сол кезде көптеген асабалар жиналды. Әсіресе министрлік шақырса, кім келмейді? Бұл халықты тәрбиелеудің ең тиімді жолдарының бірі. Қазір небір керемет тамадалар бар, солардың тәжірибесін кеңінен тарату қажет.
Нұрлан қажы Асанов, имам:
- Ғұламалардың айтқан ғажап сөзі бар: «Менің сауапты іс жасаған және күнәдан аулақ болған күнім – ең үлкен тойым» деген. Меніңше, біз де біреуге пайда келтірген, ұлтқа, қоғамға, елге, мемлекетке, қоршаған ортаға, ағайынға пайдалы болған әрбір күнімізді той деп бағалауымыз керек.
Қазақтың тойы бітпесін дейміз. Себебі ол – халықтың қазынасы. Бәлкім, сондықтан да тойды халықтың айнасы деп айтып жатады. Жаман той болмайды, алайда жаман ниет, арсыздық, даңғазалық пен орынсыз салтанат сияқты келеңсіз құбылыстар той арқылы боямасыз көрініс табады. Демек, айтылған жайлар түптеп келгенде «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақылға келіп тіреледі.
Берік Дүйсенбай, Самат Оспанов