Астанада «Алтын Орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті» деп аталатын кітабының тұсаукесері өтті. Авторы танымал француз тарихшысы, ғалым - Мари Фаверо. Ол Жошы ұлысының шежіресін ортағасырлық Еуразия тарихының ауқымында зерделеген.
Алтын Орда дәуірін жаңа көзқарас тұрғысынан баяндайды. Оны тек қиратушы күш деп сипаттайтын еуроцентристік түсінікті қайта қарап, сауда жолдарын дамытуға, дипломатияны жетілдіруге және өз төңірегінде тұрақтылық орнатуға қосқан үлесін сипаттайды. Кітапта Алтын Орданың ішкі құрылымы, билік жүйесі және оның ұзақ уақыт бойы ықпалды күш болып сақталғанының себептері терең талданады. Автор Жошы ұлысына қатысты деректерді Қазақстан, Татарстан мен Еуропаның бірқатар елдерінен 20 жыл бойы жинақтағанын айтады. Туынды Францияда және ағылшын-саксон елдерінде танымал болған. Қазақстандағы Франция елшілігінің қолдауымен кітаптың қазақ тіліндегі мың данасы жарық көрді.
Мари Фаверо, кітап авторы:
- Алтын Орда дәуірі жайлы айтатын болсақ, көшпенділер әлеміне де, отырықшы елдерге де, Еуразияға, жалпы барша дүниежүзіне мәдени жағынан көптеген жаңалықтар әкелді. Сауда жолдары ашылды, әлем елдері байланыс орнатуға тырысты. Онда тек ылғи жорықтар, соғыс болған жоқ. Бейбіт өмір де салтанат құрды.