Түркістанда мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт мәдениетінің жанашыры, көрнекті этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Өзбекәлі Жәнібеков және «Әзірет Сұлтан» музей-қорығы» көрмесі ашылды. Сонымен қатар «Өзбекәлі Жәнібеков мұрасының зерттелуі» тақырыбында тағылымды іс-шара өтті.
«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырған көрмеге ұлт мәдениеті мен өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның өзі пайдаланған жеке заттары мен архивтік құжаттары қойылды. Іс-шараға Өзбекәлі Жәнібековтің ұлы Бауыржан Жәнібеков те қатысып, әкесі туралы естеліктерімен бөлісті.
Бауыржан Жәнібеков, Өзбекәлі Жәнібековтің ұлы:
- Әке ретінде ол кісі қатал адам болды. Бізді қатты ұстады. Бірақ жұмысы көп болғандықтан, біз біршама еркін өстік. Үйде өзінің кітапханасы болды. Аптасына бір рет бәрімізді жинап, кітаптарды сүртетінбіз. Сол кезде ғана әкемізбен сөйлесуге уақыт болатын. Жұмыстан келген соң «Времяны» қарап, жарты сағат демалатын. Содан кейін кабинетіне кіріп, түнгі үшке дейін жазу жазатын да, таңертең жұмысқа кететін.
Тағылымды іс-шара қалалық мәдениет үйінде жалғасты. Жиында көрнекті тұлғаның ел тарихы мен мәдениетіне сіңірген еңбегі сараланып, рухани мұрасы жас ұрпаққа үлгі ретінде дәріптелді. Шәкірттері мен бірге қызмет еткен азаматтар қоғам қайраткерінің азаматтық болмысы туралы естеліктерін айтты.
Қанат Тұяқбаев, Өзбекәлі Жәнібековтің шәкірті:
- Ол кісінің бір әдеті болатын, күнде кешкі сағат 6-да министрлікке келіп, әрқайсымыздан филиалдардың директорларынан атқарған жұмысымыз туралы сұрайды. Одан кейін кітапханаларда, музейлерде, театрларда реставрация жұмыстарын жүргізетінбіз. Сол нысандарға дейін жаяу барып, жаяу қайтады. Бұл да бізге берген тәрбиесі еді. Ол бізге тек жұмысты қалай атқаруды үйреткен жоқ. Өмірді қалай сүру керегін үйретті. Адал болуды, адам болуды үйретті.
Өзбекәлі Жәнібеков – қазақ мәдениеті мен руханиятын дамытуға, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға. Оның тікелей жетекшілігімен елімізде 100-ден астам музей ашылып, тарихи-мәдени ескерткіштер мемлекет қорғауына алынды.
Мерейтойға арналған іс-шаралар легі театрда өтетін «Арқалықтың ақ таңы» театрландырылған қойылымымен қорытындыланады.
Авторы:Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Абуов