Биыл 60-шы маусымының шымылдығын ашқан Би театрына өнер ордасының негізін қалаушы Болат Аюхановтың есімі берілді. Сахнада аты аңызға айналған балетмейстер, Қазақстанның халық әртісі Болат Аюхановтың хореографиялық қойылымдары қайта жанданды.
Көзден кетіп, көңілден өшкен қойылымдар қайта сахналанды. Мерейтойлық кешке дайындық барысында театр әртістері мен Болат Аюханов атындағы би театрының ардагерлері бұрынғы қойылымдарды зерттеп, қайта жинақтаған. Бағдарламаға әр жылдары қойылған 15 туынды енді. Көрерменге «Секретарша», «Суретші мен аққу», «Махаббат армандары», «Гәкку» және басқа да шығармалар қайта ұсынылды.
Жәнібек Өтегенов, Б. Аюханов атындағы Мемлекеттік академиялық би театрының директоры:
- Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен 20 шілдеде театрымызға оның негізін қалаушы Болат Ғазизұлы Аюхановтың есімі берілді. Бұл – оның шәкірттері, театр ұжымы, көрермендері мен өнер жанашырлары, сондай-ақ туған-туыстары үшін зор қуаныш. Бұл – Болат Ғазизұлының отандық хореографияның дамуына қосқан еңбегінің лайықты бағаланғанының белгісі.
Кештің ең әсерлі сәті – Морис Равельдің «Болеро» шығармасы болды. Аюхановтың ең танымал қойылымдарының бірі саналатын бұл туынды хореографтың шығармашылық қолтаңбасына айналған. Театрдың жетекші солисі әрі балетмейстер Нельсон Пенья Нунес қойылымға дайындық кезінде Аюхановтың қимыл-қозғалыс мәнерін архивтегі бейнежазбалар арқылы зерттеп, әйгілі хореографпен бірге жұмыс істеген мамандардан да кеңес алған.
Нельсон Пенья Нунес, Б. Аюханов атындағы Мемлекеттік академиялық би театрының жетекші солисі:
- «Болеро» – ең танымал әрі әсерлі қойылымдардың бірі. Бұл нөмірдің YouTube-тағы бейнежазбасын көргенде бірден ұнады. Дайындықтың алғашқы күндерінен бастап Аюхановтың өзі қалай билегеніне, қимыл-қозғалысына, өзіндік ерекшеліктеріне назар аудардым. Оны сахнада көрген педагог-репетитор да маған көп кеңес айтып, қойылымның қыр-сырын түсіндірді.
Болат Аюхановтың өмірден өткеніне төрт жыл болды. Мерейтойлық маусым қарсаңында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының фойесінде шағын көрме ашылды. Мұнда аты аңызға айналған хореографтың жеке заттары, сахналық костюмдері, көне афишалары мен кітаптары қойылған.
Райхан Унгарова, мәдениет саласының ардагері:
- Күш-қуаты тасып жүруші еді. Өйткені ол бір мезетте әрі ұстаз, әрі хореограф, әрі би қойылымдарының авторы болды. Сегіз ұлттық балет қойды. Батыс Еуропа, орыс және қазақ композиторларының музыкасына 200-ге жуық хореографиялық шығарма жасады. Сондықтан мәдениет тарихы туралы айтқанда, Болат Ғазизұлының есімімен сабақтастыра қарауымыз заңды.
Болат Аюханов атындағы би театрында Қазақстан, Куба, АҚШ және Жапониядан келген әртістер өнер көрсетеді. Труппа театр негізін қалаушының қойылымдарын қайта жаңғыртып, жаңа спектакльдер әзірлеп жатыр. Өнер ордасының басшылығы жеке театр ашу жолдарын қарастыруда. Бұл –Болат Аюхановтың арманы еді.
Авторлар: Гүлжан Көленқызы, Индира Унгарбаева, Мұхит Құдықбаев.