«7 қарақшы» фильмі экранға жол тартты

  • 5
  • 23.09.2026, 18:40

Қазақстанда алғаш рет «истерн» жанрында фильм түсірілді. «7 қарақшы» деп аталатын туынды көрерменді бірден баурап, оқиға желісіне тартады. Фильмде драма да, езу тартар қызықты эпизод та бар.

Жаңа фильм ел тарихындағы ең ауыр қасіреттердің бірі – Семей ядролық полигоны тақырыбына құрылған. Алайда бұл нақты оқиғаға негізделген туынды емес. Картина сол кезеңдегі халықтың «сынақтар ертерек тоқтатылса ғой» деген арманын жеткізеді. Сондықтан драма мен комедия қатар жүреді және шытырманға толы.

Сценарий желісі бойынша оқиға 1970-жылдардың соңында өтеді. Кеңестік режимді ұнатпайтын жеті қылмыскер адамзатқа қауіп төндіретін ядролық қару сынағын тоқтату үшін күш біріктіріп,  маңызды миссияға аттанады. Олардың ортақ мақсаты – Семей полигонындағы жойқын жарылыстың алдын алу және ядролық детонарды ұрлау. Тапсырманы орындау үшін қиын кезеңдерден өтеді. 

Қуаныш Бейсек, режиссёр:

- «7 қарақшы» деген образ ретінде алдық. Бұл мемлекеттің мүддесіне жұмыс істейтін адамдардың ұйымы деген идеядан шықты. Бұл жерде Семей полигонының тақырыбы, одан бөлек патриотизм тақырыбы деп ойлаймын. Әрбір адамның сол қайғылы парақшаларды қайтадан ашып, сол жарамызды бір көріп, мүмкін кейбір кісілердің соған қарым-қатынасы бар, Шығыс Қазақстанның адамдары соған жылап ала ма деп ойлаймын. Одан бөлек, «патриотизм деген не, біз неге бұл жолда жұмыс істеуіміз керек» деген сұраққа ой салу үміті.   

Фильмде Еркебұлан Дайыров, Азат Жұмаділ, Шұғыла Ешенова сынды бірқатар танымал қазақстандық актёрлар ойнайды. Сондай-ақ, неміс актері Винценц Кифер де бар.

Эрнар Құрмашев, кинопродюсер:

- Сценарийін оқығаннан-ақ, тартымды көрінді. Оқиға желісі өте қызықты. Сондықтан жобаны бірден қолдадық. Қалың көрерменге де ұнайды деп ойлаймын

Бұл жобаны іске асыру үшін қомақты қаржы қарастырылып, екі жылға жуық уақыт кеткен. Авторлар «7 Қарақшыны» Қазақстандағы алғашқы «истерн» жанрындағы фильм ретінде таныстырып отыр. Жабық түсіріліміне келген көрермендер үлкен әсер алғанын айтады.

- Бұл фильмде көптеген біздің еліміздің тарихи сәттері бар. Өсіп келе жатқан ұрпаққа жаңаша деңгейде, әсерлі деңгейде жеткізілген фильм деп ойлаймын.

- Мен өзім Семейденмін. Сол полигонның аумағында туғанмын. Сондықтан мен үшін өте әсерлі кино болды және менің ойымша бұл қазақстандық деңгейде емес, әлемдік деңгейдегі кино болып шықты деп айтамын. Әсіресе, музыка жағынан бірнеге жанрдың үйлесімі болды.

Жаңа кинотуынды ертеңнен бастап, еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды.

Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Аян Сәрсенбаев.