«Astana Musical» мемлекеттік театры «Роза Бағланова» мюзиклін сахналайды. Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында өткен 17-ші Халықаралық мюзикл фестивалінде екі марапатқа ие болған қойылым қалың көрерменге қайта ұсынылып, есімі күш-қайраттың, таланттың және Отанға деген адалдықтың нышанына айналған Роза Бағланованың өмір тарихын тағы бір мәрте баяндайды. Қазақ ән әлемі падишасының келер жылы туылғанына 105 жыл толады. Осыған орай, мәдениет, өнер ұжымдары дайындық шараларын қолға алған. Тиісті бағдарлама түзіліп жатыр. Айта кетейік, әншінің 100 жылдығы ЮНЕСКО аясында кеңінен аталып өткен еді.