Алматыда «Мұра жіптері» көрмесі ашылды

  • 8
  • 30.09.2026, 18:52

Алматыда Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде отандық гобелен өнерінің қалыптасуына, дамуына үлкен үлес қосқан суретші Бәтима Зәуірбекованың мерейтойлық көрмесі өтіп жатыр. «Мұра жіптері» атты көрмеге суретшінің жарты ғасырдан астам шығармашылық жолын қамтитын 80-нен астам туынды қойылған. Гобелен, кескіндеме және графика туындыларымен қатар, олардың алғашқы эскиздерін де көруге болады. «Суретші жіп арқылы тек бейне емес, көңіл күй мен ой кеңістігін де жеткізген», - дейді өнертанушылар.

80-ге келген суретші шығармашылық ізденісін әлі де жалғастырып келеді. Бәтима Зәуірбекова жақында ғана музей қорына жаңа жұмыстарын тапсырған.

Бәтима Зәуірбекова, суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Туындыларымды біраз көрмегелі 40-50 жылдай болды енді. Соларды көріп мен өзім өте керемет сезімдемін. Өте қуаныштымын. Алланың берген күш-қуаты қандай болғанын, соны қалай жасағанмын өзім, сондай үлкен үлкен жұмыстар. Күшті қайдан алдым деп өзім ойлаймын. Қазір енді мысалы олай жасау мүмкін емес қой. Көз майымды тауысып, инемен құдық қазғандай жұмыс жасадым.