Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толды

  • 3
  • 02.10.2026, 18:56

Кино өнерінің классигі, қазақ балалар киносының негізін қалаушы Абдолла Қарсақбаевтың туғанына - 100 жыл. Ғасыр тойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатыр.

«Қазақфильм» киностудиясындағы «Даңқ» аллеясына мәдениет және өнер қайраткерлері гүл шоғын қойып, Абдолла Қарсақбаевтың рухына тағзым етті. Ол - мықты суреткер! Оған еңбектері дәлел. «Кинокартиналары өз дәуірінің шеңберінен шығып, бірнеше буынның мәдени жадында сақталған туындыға, классикаға айналды», - дейді ұлы Тоқтар Қарсақбаев. Оның өзі де кинорежиссер. Ұрпақтары «Жұлдыздар аллеясына» барып, гүл шоғын қойды. Дарынды режиссердің туындылары ұлттық кинематографияның алтын қорына енген. Классикалық шығармалары әлі күнге дейін мән-маңызын жоғалтқан жоқ. 

Майра Қарсақбаева, Абдолла Қарсақбаевтың келіні:

- Ол кісінің сегіз киносының барлығы да шедевр болған, барлығы сол тек қана қазақ киносының емес, совет киносының алтын қорына енген. Барлық киносын болашақта цифрландыруға мақсат қойып отырмыз. Оның киноларының бәрі қазақ дәстүрінің, мәдениетінің энциклопедиясы деуге болады.