Джеки Чан Қазақстанда түсірілім жұмыстарын аяқтады

  • 0
  • 07.10.2026, 18:56

Әйгілі актер, режиссер Джеки Чанның «Құдайдың сауыты: Ультиматум» атты халықаралық киножобасының Қазақстандағы түсірілім жұмыстары аяқталды.

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрінің және жоба авторларының қатысуымен өткен баспасөз брифигінде мәлім болды.  Жиында басты рөлді сомдаған Джеки Чан кинотуындының ерекшелігін, отандық киногерлермен бірлесе атқарған жұмыс барысын баяндап, түсірілім алаңындағы қызықты сәттермен бөлісті. Сондай-ақ Қазақстанда халықаралық фильмдер түсіруге барлық қажетті жағдайдың жасалғаны да тілге тиек етілді.

Джеки Чан, режиссёр, актёр:

- Кеше біз фильмді толығымен аяқтадық. Фильмнің түсірілімі басталған сәттен соңғы күнге дейін іштей түйгенім: бұл — мен өмірімде бірге жұмыс істеген ең үздік түсірілім топтарының бірі. Әдетте біз Қытайдан, Гонконгтан тыс жерде, басқа елде, басқа қалада фильм түсірген кезде үкімет қаншалықты қолдау көрсетсе де, түсірілім барысында түрлі мәселелер туындап жататын. Ал Қазақстандағы түсірілім барысында іс жүзінде ешқандай кикілжің болған жоқ. Тек өзім екі рет жарақат алып, сүйегімді сындырып алдым. Дегенмен де Қазақстан Үкіметіне, арнайы полиция қызметкерлеріне, қауіпсіздік мамандарына, бүкіл түсірілім тобына — баршаңызға үлкен алғыс айтқым келеді.