Мәдени нысандардың қолжетімді болуы – еліміздегі басты трендттің біріне айналды. Салаға ерекше көңіл бөлуді жаңа Конституцияда бекіткен Қазақстан енді театр, музей, кітапхана және өзге де өнер ошақтарының дамуына басымдық береді. Соңғы 7 жылда 300-ден астам жаңа мәдениет ошағының ашылуы - соның бір дәлелі. Мәдени нысандарды жаңғырту жұмыстары шалғай өңірлерді де қамтыды.
Алматы облысындағы Іле аудандық мәдениет үйінің жаңа ғимараты дәулескер күйші, белгілі дирижер, КСРО халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында халық игілігіне берілді. Жергілікті өнерпаздар бұған дейін аудан орталығынан 40 шақырым жердегі Байкент ауылдық Мәдениет үйінің ескі ғимаратын пайдаланып келген еді. Өтеген батыр ауылындағы 400 орындық жаңа ғимаратқа 500-ден астам төл туындының авторы Нұрғиса Атабайұлының есімі берілді. Мұнда он шақты үйірме жұмыс істеп тұр.
Қарлығаш Ахметбаева, Н.Тілендиев атындағы Іле аудандық мәдениет үйінің директоры:
- Осы Мәдениет үйіне көшіп келгелі іс-шараларымыздың ауқымы да өсті, көлемі де өсті, саны да көбейді. Қазіргі уақытта ауданымызда 8 үйірме жұмыс істеп жатыр. Тұрғындардың өнерге деген талпынысы, жақындығы өте белсенді.
Мәдениет үйінде 75 адам еңбек етеді. Мұндағы өнер ұжымдары қазірдің өзінде облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлдегер атана бастады. «Айжан» би ансамблі биыл Бакуде өткен Art Fest фестивалінің супер Гран-приі мен бас жүлдесін жеңіп алды.
Айжан Жақсыбаева, «Айжан» би ансамблінің көркемдік жетекшісі:
- Біздің осы биылғы жылымыз өте қуанышты жыл болды. Өйткені біздің ансамбль үлгілі би ансамблі атағына ие болып, өзіміз республикалық, халықаралық конкурстарға көп қатысамыз, жетістіктеріміз көп. Біз балаларға тек қана би үйретіп қана қоймай, өнерге деген сүйіспеншілігін, сценаға деген махаббатын ашып қана қоймай, балалардың тәрбие жөніндегі жұмыстарымен айналысамыз.
Ал елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры елдегі әсем де сәулетті ғимараттың қатарында. Өнер ұжымы 2020 жылы жаңа ғимаратқа көшіріліп, 2 жыл бұрын театрға ұлттық мәртебе берілді. Елімізге танымал актер қауымы ұлттық мәдениетімізді Қазақстаннан тыс жерлерде жоғары деңгейде паш етіп келеді.
Ербол Жақсыкелдіұлы, «Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры» РМҚК директоры:
- Ж. Омаров, Қ. Жетпісбаев, Ә. Мәмбетов сияқты ұлы режиссерлар, ұлы басшылар жұмыс істеген. Театр өнеріне қызығушылығы енді-енді артып келе жатыр деп айтуға болады. Ұлттық деңгейде жұмыс бастағалы бері көрерменіміз артып келе жатыр. Былтыр біз 64 мыңнан астам көрерменді қамтысақ, биылғы статистикада ол 10-15 пайызға ұлғайды деп айтуға болады.
Елімізде мәдени нысандар саны артып келеді. Соңғы 7 жылда 312 мәдениет ошағы жаңадан ашылды. Қазір 3 мың 912 қоғамдық кітапхана, 3054 мәдени-демалыс ұйымы, 286 музей, 85 театр бар. Бүгінде «Мәдени даму алаңы» жобасы аясында 34 жоба іске асуда.
Досбол Әбдірейісов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары:
- Жалпы 17 облыста іске асырылып жатқан үлкен жоба деп айтуға болады. Бұның мақсаты – ауылдық жерлердегі мәдениет нысандарының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту. Сонымен қатар «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында «Әділетті болашақ үшін» 2031 жылға дейін жалпы мәдениет саласына 202 жаңа нысан салыну жоспарлануда.
Қалалардан өзге, ауылдардағы мәдениет нысандарға да баса көңіл бөлініп келеді. Оларды кезең-кезеңімен жаңғырту жобалары іске асырылып жатыр.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Еліміздің жаңа Конституциясында мәдениетке ерекше көңіл бөлінді. Ата Заңда ұлттық мұраны сақтау және рухани құндылықтарды дәріптеу міндеттемесі айқын бекітілген. Бұл өзгерістер бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен көрініс табуда: музей инфрақұрылымы дамып, өңірлерде заманауи кітапханалар жаңартылуда, тіпті ең шалғай ауылдардағы ғимараттар да күрделі жөндеуден өтуде.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбын Құсанбеков