Қазақ музыкасы мен бейнелеу өнерінің майталмандарына арналған жаңа мемлекеттік марапаттар енгізілмек. Құрылтай депутаттары тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа марапаттардың бірі - «Шәмші Қалдаяқов» медалі. Ол отандық музыка өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға табысталады. Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы бейнелеу өнерін дамытуға еңбек сіңірген шығармашылық иелеріне берілмек.
Айта кетейік, мәдениет пен өнер өкілдеріне арналған марапаттар қатарын толықтыруды Мемлекет басшысы ұсынған болатын.
Ләззат Жылқыбаева, ҚР Құрылтайы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі:
- Заң жобасының негізгі мақсаты – отандық мәдениет пен өнердің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың мемлекеттік деңгейде танылуын қамтамасыз ету және оларды ынталандыру. Осы мақсатта екі жаңа ерекшелік белгісін енгізу ұсынылады. Біріншісі – «Шәмші Қалдаяқов» медалі. Аталған медаль отандық музыка өнері мен ән шығармашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан, жемісті қызмет атқарып, ерекше еңбек сіңірген азаматтарды марапаттауға тағайындалады. Екіншісі – «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атағы. Бұл атақ бейнелеу өнері саласында жоғары кәсіби шеберлік танытып, үздік туындыларымен отандық көркем мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан қайраткерлерге берілетін болады.