«Baiqonyr» халықаралық кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды
Биылғы бесінші рет ұйымдастырылған байқау онлайн өтті. «Бастапқыда ұлттық болып ашылып, кейін халықаралық мәртебе алған шараға қызығушылық танытушылар қатары жыл санап артып келеді», – дейді ұйымдастырушылар.
«Baiqonyr» кинофестиваліне қатысуға өтінімдер сәуір айынан бері қабылдана бастады. Пандемия кезінде оның онлайн өтуіне қарамастан өнер додасына 250-ге жуық адам қатысуға ниет білдірген. Оның 70-тен астамы – шетелдерден.
Әнуар Кенжебаев, «Baiqonyr» Халықаралық қысқаметражды фильмдер кинофестивалінің президенті:
– Фестивальдің бағдарламасына биыл тағы екі байқауды қостық. Оның бірі –жас клипмейкерлерді қолдауға бағытталған «Музыкалық бейне» байқауы болса, екіншісі – жақсы фильм түсіруге негіз болатын «Сценарийлер пичингі» деп аталады.
Әр байқаудың «Үздік режиссура», «Үздік оператор жұмысы», «Үздік суретші», «Үздік әйел рөлі», «Үздік ер рөлі» сынды бірнеше аталымы бар. Кинофестиваль қатысушыларына жас шамасы мен кәсібилігіне ешқандай шектеу қойылмады. Әр туынды 30 минуттан аспауы керек. «Бірақ ең бастысы, фильм көрерменге ой тастайтындай, сапалы жасалуы қажет», – дейді ұйымдастырушылар.
Әнуар Кенжебаев, «Baiqonyr» Халықаралық қысқаметражды фильмдер кинофестивалінің президенті:
– Отандық байқауға Әділхан Ержанов төрағалық етсе, халықаралық байқауда Германия, Ресей, Қырғызстан елдерінің киногерлері сарапшы болды. Ал қазылар алқасына аты әлемге танымал кинофестиваль іріктеушісі Жюльен Вестерманн төрағалық етті.
«Үздік» деп танылған фильмдер өзге елдерде өтетін халықаралық кинофестивальдарға жолдама алады. «Ал мұндай байқаулар еліміздегі киноиндустрияны дамытуға сеп болады», – дейді кинофестиваль ұйымдастырушылары.
Авторлары: Алуа Маханбет, Сержан Жұмабаев