Елордадағы «Жастар театры» жаңа қойылымның тұсауын кесті
«Қылкөпір» атты қойылым өткен ғасырдың 30-50 жылдарындағы қазақ еліндегі тарихи кезең шындығын суреттейді. Оның құрылымы адамзатқа тән адамгершілік-имандылық қасиеттерді ұлықтау және оған қарама-қайшы күншілдік, қызғаныш пен қатыгездікті айыптаудан тұрады.
Уақыт пен кеңістіктегі халық тарихының трагедиясы. Адалдық пен арамдық, ерлік пен ездік, мәрттік пен екіжүзділік секілді қайшылықтар қақтығысы - асыл азамат Қасымның және оның Анасы Айшаның, Едіге қарт пен Иіс кемпірдің, зұлым, жендет Қозыбақтың бейнесімен беріледі. Қойылым басынан аяғына дейін диалогтар мен монологтардан тұрады. «Жастар» театрының ұжымы үшін бұл – алғашқы салмақты драмалық қойылым. Қоюшы режиссердің өзі сахнада отыр. Қанша қойылымды сахналады, бірақ бәрібір қобалжу бар. Оны жасырмайды да.
Нұрқанат Жақыпбай, қоюшы-режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
- Әрине, жүрек қобалжып, есің шығады ғой. Балаң секілді дүниеге келген. Халықтың сілтідей тынып, тыңдағанынан қарағанда ұнады ғой, ешкім шығып кетпеді, ұйықтап қалған ешкім болмады. «Әсер етті ғой» деп ойлаймын, өйткені бұл жастардың аузынан шығып тұр ғой. «Халықтың аузынан шығып тұр» деп ұйғардық.
Ақын, драматург Нұрлан Оразалин «Қарақазан ғасыр» шығармасын өткен ғасырдың 90-шы жылдары жазды. Араға 32 жыл салып алғаш рет сахналанып отыр. Драмалық дастанның өзегі – ХХ ғасырдың 30-шы жылдары қазақ даласында болған азамат соғысының, мал-мүлікті тәркілеудің, саяси қуғын-сүргіннің, зорлықпен ұжымдастырудың зардабын суреттейді. Қабылдауға қиын, түсінуге ауыр. Бірақ бұл біздің ұлтымыздың трагедиясы болатын. Оны бүгінгі ұрпақ тек сахна арқылы білуі тиіс.
Драмалық қойылымның түйіні – озбырлықты, қатыгездікті, сараңдықты бәрібір түбінде ізгілік жеңеді. Оның бас кейіпкері Ана бүгінгі және болашақ ұрпақтарға аманат сөзімен түйіндейді, жүрек бәрін жырлайды. Мәңгілік жоқ. Ажал бір күн ұрлайды. Ай астында махаббат бар, өмір бар, Жердің үсті кекпен жалғыз тұрмайды.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Әлібек Әлиев.