Бүгін — Ұлттық кино күні
Алайда пандемия жаһандық, оның ішінде елдегі кинотеатрлардың жұмысын біршама тұралатты. Залды толтыруға шектеу қойылды, ал ғимаратын жалға алған кәсіпкерлер төлемақысын өтей алмай қарызға белшесінен батты. Мінекей осындай шағыммен редакциямызға кинотеатрлар желісінің басшысы шағымданды.
Жаңаөзендегі жалғыз кинотеатр жабылуы мүмкін. «Өйтпеске амал қалмады», — дейді Данияр Айса. Коронавирустік пандемия келгенде кәсіпкердің осыдан 11 жыл бұрын маңдай термен құрған кәсібінің басына қара бұлт үйірілді. Алдымен, елдегі кинотеатрлар белгісіз мерзімге жабылды. Ал кейін...
Данияр Айса, кәсіпкер:
-26 қазан күні бізге бас санитар дәрігер жасауға рұқсат берді. Бірақ берген кезде де 80% шектеу қойды. 20% жасауға болады. Бізге ол мүмкін емес те кинотеатрға. Карантиннен кейін адамды үйден шығарудың өзі қиын болды. Сосын біз жеңілдік сұрадық сауда орталығы басшыларынан. «Рұқсат бар, жасауға болады, сіздер жасай беріңіздер. Бірақ, жалға беру құнын түсірмейміз», — деді бізге.
«Тіпті 80% жеңілдіктің өзінде ешқандай пайда таппай, тек қана жұмысшылардың жалақысын және кинолардың жалға алу төлем ақысын төлеумен шектелуші едік», — дейді ол. Алайда жалға беруші оған сол күйі еш жеңілдік жасамапты. Салдарынан кәсіпкер қарызданып, іс сотқа жетті.
Данияр Айса, кәсіпкер:
-Бұл карантинде болған форс-мажор ғой. Сондықтан сұрайтыным, құзырлы органдар ұйымдастырып, осы республикалық деңгейде менің жағдайымды нақты тексерсін деп.
Мұндай мәселе Даниярдан бөлек, елдегі бірқатар кәсіпкерлерде де туындаған. Мысалы 2019 жылы елде 101 кинотеатр жұмыс істеді десек, бүгінде оның 92-сі қалған. Бұл Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы берген статистика.
Данияр Айса, кәсіпкер:
-Үкіметтен бізге көмек болған жоқ. Үкіметке біз қаншама рет хат жаздық. Барынша тиын санап зорға жүрміз. Бүкіл Қазақстандағы кинотеатрлардың жағдайын байқаған боларсыздар. Киноға барған кезде қайсысы болсын қараңғы болып тұрады кинотеатрлардың экраны. Себебі кинотеатрдың жағдайы жоқ қазір лампа алуға.
Ресми дерекке сүйенсек, кино саласындағы кіріс деңгейін пандемияға дейінгі көрсеткіштерге жеткізу үшін шамамен 3 жыл керек екен. Алайда бұл уақытқа дейін кәсіпкерлердің мәселесі шешімін таба ма, жоқ па беймәлім.
Авторлары: Дана Әлиева, Болатбек Табалдиев