Хабар телеарнасы

«Junior Eurovision Song Contest» халықаралық байқауына Қазақстан атынан 12 жасар Давид Чарлин қатысады

«Junior Eurovision Song Contest» балалардың  әлемдегі басты ән байқауы. Биыл халықаралық байқау 11 желтоқсанда Ереван қаласында (Армения) Карен Демирчян атындағы Спорттық-концерт кешенінде өтеді. Оған дүние жүзінің 16 елінен үміткер қатысады. Гранд-финалдың трансляциясы дәстүрлі түрде «Хабар» арнасында 11 желтоқсанда (жексенбі) Астана уақыты бойынша сағат 21:00-де болады. Бұл туралы «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Данияр Меңілбеков хабарлады.

«Еліміздің «Junior Eurovision Song Contest» байқауына қатысуы   «Хабар» Агенттігінің 2016 жылы Еуропалық Хабар тарату одағының (ЕВU) мүшелігіне қабылдануының арқасында мүмкін болып отыр. Биыл Қазақстан осынау беделді байқауға осымен бесінші мәрте қатысады. Еліміздің вокалдық өнерін әр жылдары жас таланттарымыз паш етіп жүрді: Данелия Төлешова (6-орын, 2018 ж.), Ержан Максим (2-орын, 2019 ж.) Қарақат Башанова (2-орын, 2020 ж). Бекнұр Жәнібекұлы мен Әлинұр Хамзин (8-орын, 2021 ж.). Биыл Қазақстан атынан 12 жасар орындаушы  Давид Чарлин қатысады»,- деді Данияр Меңілбеков.

Давид Чарлин - «Baqytty Bala-2022» халықаралық ән байқауының қатысушысы. Оған әлемнің 8 елінен 10 мен 16 жас аралығындағы жас таланттар қатысты. Аталған байқаудың гала-концертінің қорытындысы бойынша Давид Чарлинге  «Хабар» Агенттігінің арнайы сертификаты тапсырылған болатын.

«Маған сенім артқан және Junior Eurovision Song Contest-ке қатысуға лайықты деп тапқан барша жұрттың сенімін ақтауға бар күшімді салуға тырысатын боламын. «2022 жылғы Балалар Евровидениесі»  байқауына әзірлігіме көрсеткен қолдауы мен  көмегі үшін «Хабар» Агенттігіне зор алғысымды білдіремін.  «Хабар» Агенттігінің арқасында біз, "Балалар Евровидениесінің" қазақстандық қатысушылары осындай ауқымды әлемдік байқауға қатысу мүмкіндігіне ие болдық», - деді Давид Чарлин.

Продюсер Жан Мұқановтың айтуынша, Қазақстан қашанда Балалар Евровидениесінде феноменальді нәтижелерге қол жеткізіп келеді және өнерімізді Байқаудың миллиондаған фанаты сүйіп үлгерген. Қазақстанның қатысуы додада еліміздің тамаша вокалдық қабілеттері бар өнерпаз бен есте қаларлықтай шоу ұсынатынының өзіндік кепілі болып үлгерді.

«Жеке өзім үшін бұл сонымен бірге, еліміздің атынан байқауға қатысатын жас өнерпаздың осымен екінші мәрте Продюсері мен тәлімгері болу үлкен мәртебе. Биыл шығармашылық командамыз алдына үлкен және амбициялық мақсаттар қойып отыр. Давидті «Baqytty Bala-2022» байқауында алғаш көргеннен-ақ біз және «Хабар» Агенттігінің басшылығы оның Балалар Евровидениесінде еліміздің атынан қатысуға әбден лайықты екендігін бірден аңғарған едік. Бізді оның артистизмі, харизмасы және әлбетте, тамаша вокалдық мүмкіндіктері таң қалдырған болатын. Жақынырақ таныса келе Давидтің бұған қоса еңбекқор, мақсатшыл екенін және еліміздің үлкен патриоты екендігін білдік», - деп атап өтті Жан Мұқанов.

Брифинг кезінде жақында Давид Чарлин өзінің жаңа әнін ұсынатыны мәлім болды. Әннің композиторы мен авторы -  Хамит Шаңғалиев. Айтпақшы, ол байқауға осымен үшінші мәрте ән жазатын болады. Қазір клиптер түсіріліп,  фототүсірілімдер жасалуда. Сонымен қатар, Давид "Хабар" Агенттігі телеарналарының бірнеше жобасына қатысады. Жуырда сонымен бірге, Давидтің қазақ тіліндегі әні мен клипінің тұсауы кесіледі.

Спикерлер қазақстандықтарды онлайн-дауыс беруге белсенді қатысуға шақырды. Көбіне мүше-мемлекеттердің ұлттық жюриінен жоғары балл алғанымен Қазақстан қажетті онлайн-дауыс жинай алмай қалады, бұл жалпы нәтижеге кері әсерін тигізеді. Себебі бұл түптеп келгенде еліміздің жеңісі мен жетістігі болмақ.