Бүгін – Оралхан Бөкейдің туған күні
Бүгін – қазақ әдебиетінің классигі, Алтайдың асқақ ұлы Оралхан Бөкейдің туған күні. Жазушының 80 жылдығы қаламгердің туған жері Қатонқарағайдан бастау алып, республика көлемінде аталып өтіп жатыр.
Жазушының жастық шағы өткен Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада «Өр Алтайдың асқақ жыршысы» атты конференция ұйымдастырылды. Оралхан Бөкей қазақ әдебиетінде «Қар қызы», «Кербұғы», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Атау кере», «Құм мінезі» сияқты өміршең шығармалар жазып қалдырды. Қаламгердің үзеңгілестері мен ізбасарлары Оралхан Бөкей туралы естеліктерімен бөлісті. Конференция аясында жазушының шығармалары негізінде салынған сурет көрмесі ұсынылды. Ал 30 қыркүйек күні Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында жазушының мерейтойына арналған аламан айтыс өтеді.
Әлібек Қаңтарбаев, Қазақстан Жазушылар одағының ШҚО филиалының төрағасы, ақын:
- Оралхан 60 жылдардың екінші жартысында қазақ журналистикасында, қазақтың көркем әдебиетінде де төңкеріс жасаған адам. Мүлдем жаңа бағытқа бет бұрғызған адам. Журналистика сол кезде таптаурын сүрлеуден шыға алмай жатқан кез, бауырын сыздан көтере алмай жатқан көркем әдебиетіміз. Соларға келіп революция жасады. Бұл – тума талант. Біздің мақтанымыз.