Хабар телеарнасы

Әбілқайыр ханның 330 жылдығы Ақтөбе облысында аталып өтті

Ел тарихында кіші жүздің ханы болған Әбілқайыр ханның 330 жылдығы Ақтөбе облысында кең көлемде аталып өтті. Даңқты тұлғаның өмірі мен ел үшін атқарған қызметін зерттеген ғалымдар тың деректермен бөлісті. Қазақ әскерін басқарған батыр қолбасшыдан өзге, көреген саясаткер, дипломат екендігін жан-жақты жеткіздін. Ауқымды шара барысында ханның жары Бопайдың да қиын қыстау кезеңдегі рөлі айтылып, оның есімі қаладағы көшелердің біріне берілді. 

Әбілқайыр ханның 330 жылдығына арналған шаралар халықаралық конференциямен басталды. Оған еліміздің танымал ғалымдары мен Ресейдің бірнеше қаласынан тарихшылар келді. Негізінен 1718-1748 жылдары билік құрған атақты тұлғаның 18 ғасырда елге басып кірген жоңғарлардан ес жия алмай жатқанда, батыстан лап берген башқұрт пен қалмақтарға қарсы соғыстағы ерлігі баяндалды. Әбілқайыр ханның ұзақ жылдарға созылған шайқастағы ерлігімен қоса, ұтымды саясат жүргізгені айтылды.

Бұлбұл Елеусінова, облыс әкімінің орынбасары:
-Арыстандай айбатты, жүректі қолбасшы, қайтпас қайсар мінезді Әбілқайыр хан қазақ халқы үшін маңызы бар шайқастардан үлкен жетістікке жетуі кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге.

Әйтеке би ауданындағы «Хан моласы» мемориалдық кешені Әбілқайыр ханның қаза тапқан жері. Мұнда 30 жылдан астам ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізген белгілі ғалым, профессор Серік Әжіғали мен өзге де генетик мамандар тарихи тұлға мен бірнеше ұрпағының осында жерленгенін дәлелдеген. Мұнда баба рухына тағзым етіліп, Орынбор облысындағы Бопай ханымның зиратынан алынған топырақ қойылды. Сондай-ақ енді Ақтөбегі көшенің бірі жарының есімімен аталады.

Гүлбану Ізбасарова, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
-Бопайдың сыртқы істер коллегиясына жазған хаттары, ол кезеңдегі негізгі мәселе бұл хандық билікті ұстап қалу. Қазақ даласындағы сол кезеңде саяси жағдайды тұрақтандыру мәселесі.

Шара аясында ханның ұрпақтары туралы да айтылып, «XVIII, ХІХ ғасырлар басындағы Ресей империясының аймақтық саясатындағы Батыс Қазақстан» атты туынды таныстырылды.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков.