Денис Яковлев қазақ домбырасын дәріптеп жүр
Қазақ ежелден бауырмал халық. Содан да болар елімізде түрлі тағдырмен табан тіреген көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Бізде кәріс баласы қымыз ішіп, дүнген қызы бауырсақ пісіреді. Арамызда қара домбыраны серік етіп, ұлттық аспабымызды әлемге дәріптеп жүрген өзге ұлт өкілдері де аз емес.
Қазақтың қара домбырасын қолына алып, құйқылжыта ән шырқап отырған Денис Яковлев. Бүгінде ол «Ұлттық ұлан» ән-би ансамблінің солисті. Ұлттық рухты көтеріп, әскерилердің намысын оятатын әндерді орыс баласы шырқап жүр. Денистің өзі де Президенттің қолынан «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін алған батыр. Ал батырдың жары – неміс ұлтының қызы. Көңілін табатын серігі домбырасы екен.
Денис Яковлев, «ұлттық ұлан» ән-би ансамблінің солисі:
- Менде қазір қазақи менталитет. Осылай айтуға болады. Өйткені шынымен де жаттаған кезде әндер солай ғой, кең бізде. Менде лирикалық әндер көбісі. Халық әндері. Мысалы, «Екі жирен», «Ақбақай» сияқты. Оларды жаттаған кезде, айтқан кезде бүкіл ішкі дүниесін сезінесің. ...
Қазақтың қара домалақ балаларына туған жері туралы ән шырқатып отырған - ұлты литван Брониславас Бугинас. Оның ата-анасы 1960 жылдары Литвадан көшіп келген. Өзі Жезқазған облысының Қарсақбай ауылының тумасы. Келіншегі Татьяна Бугинене - украин қызы. Оның да ата-анасы Жезқазғанға жол саламыз деп келіп, қалып қойған. Бүгінде бұл отбасы еліміздің өнерлі жастарына Абай мен Тілендиевтің шығармаларын үйретіп, Шәмшінің әндерін шырқатып жүр.
Татьяна Бугинене, Астана қаласы Оқушылар сарайының фортепиано педагогы:
- Біз Алматыдағы Абай атындағы университетте таныстық. Сол кезден бастап шығармашылық, отбасылық өміріміз басталып кетті. Екеуіміздің мақсатымыз – қазақ жерінде өнерлі, талантты жастарды тәрбиелеп өсіру.
Мақсат бір болғанда ғана, бірлік беки түседі. Оны біз жуырда айқын сезіндік. Өзендер арнасынан асып, үйлерді су алғанда көңілімізді мұң шалғаны рас. Алайда халқымыздың бірлігі мен татулығы барлық қиындықты артқа қалдыруға сеп болды.
Наргизам Махмұдова, ҚХА мүшесі:
- Басымызға күн түскен кезде аянбай, бағанағы ұлтқа бөлінбей, ұлысқа бөлінбей, дінге бөлінбей, ешқайда бөлінбей біз өзіміздің бірлігімізді көрсетіп жатырмыз деп ойлаймын. Осы жерде біздің халқымыздың бірілігін татулығын көруге болады. Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан да әзіргі таңда 13 мыңға жуық еріктілер жұмыс жасап жатыр. Әр өңірлерде
Жері кең қазақтың көңілі де дархан. Талай ұлт пен ұлысқа құшағын ашқан халқымыздың ұтылған тұсы жоқ. Бәрі де өз баласы. Сондықтан да Президент айтқандай, бірлік пен ынтымақ - ешқашан ескірмейтін құндылықтар.
Алуа Маханбет, Дәурен Журхабаев, Аманжол Байғазин