Креативті индустрияны қалай дамытамыз?
Экономиканың жаңа бағыты ретінде анықталған креативті индустрияны дамыту еліміздің негізгі үш қаласында қолға алынғаны белгілі.
Солардың бірі Алматы қаласында креативті хаб ашылып, жаңа саланың соқпағын салып отыр. Мегаполисте қазір креативті индустрия бойынша 12 мың 925 кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. Олар немен айналысуда? Инновациямен ұштастырылған шығармашылық өнімдерді нарыққа шығару жолдары қандай?
Қазақстанда «Креативті индустрияға» жататын экономикалық қызмет түрлерінің тізбесі жасалып, 43 сала бекітілді. Олардың басым бөлігі жеңілдетілген салық режиміне өткен. Саланы дамытуға қатысты зерттеу жүргізілгенде алматылық креативті кәсіпкерлер инфрақұрылымның жоқтығын алға тартқан. Осыған орай мегаполисте креативті хаб ашылып, шығармашылық өкілдерінің еркін самғауына жағдай жасалып отыр.
Ерлан Қуандықов, Алматы қаласы креативті индустрияны дамыту департаментінің басшысы:
- Халықаралық деңгейдегі инфрақұрылымды құру мақсатында Алматы қаласының 2025 жылға дейінгі даму жоспары және 2030 жылға дейінгі даму бағдармасы бойынша осы кәсіпкерлерге гранттар қарастырылу көзделуде.
«Соңғы 2-3 жылда өнерде қозғалыс байқалады, жаңа бағыттағы туындылар баршылық», - дейді креативті саланың жас өкілі Әннес Бағдат. Алайда оны нарыққа шығаруда кедергілер көп.
Әннас Бағдат, драматург, «Art көше» тәуелсіз театрының жетекшісі:
- Қазақстан тұрғысынан айтсақ, мәселелер көп. Оның бірі – нарыққа шығу мәселесі. Қазақтілді креатив жобаларға ең ықпал ететін нәрсе – қазақтілді аудиторияның басым еместігі. Біз қазақ тілін білсек те, орыстілді контенттерді қараймыз, жүгінеміз. Көбінесе соған бағыттайды да, орыс тілінде жасап кетеді. Бәрібір де енді қазақтілді контентті дамыту күн тәртібінен түспеу керек.
Әлемде мәдени өнеркәсіп бойынша көшбасшы елдің бірі – Оңтүстік Корея. Бұған K-pop, корейлік дорамаларды айтсақ та жеткілікті. Бір халықтың екіге бөлінуі секілді тарихи оқиғаны, тамыры терең ұлттық дәстүрді әлемдік сұранысқа ие контентке айналдыра білді.
Ким Дэ Гын, Шинхан университетінің профессоры:
- Кореяның басты ерекшелігі– географиялық орналасуы. Корея жылдың қай мезгілінде де әдемі пейзаждарға бай. Таулар, теңіз және қалалық орта – мұның бәрі шағын ғана елде бар. Бұл контент жасауға мүмкіндік беретін ерекшелік. Тағы бір ерекшелігі – бұл мәдениеттің әртүрлілігі. Ол 5000 жыл бұрын пайда болған.
Ауқымды аумақты, арнайы өндіріс орнын қажет етпейтін, алайда табысы орасан креативті индустрияға әлемде зор мән беруде. Қазақстанда бұл көштен қалмақ емес. Үкімет қаулысына сәйкес биыл 40 қызмет түрі бірқатар салықтан босатылды. Мұндағы мақсат – осы салаға инвесторларды тарту.
Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон