Хабар телеарнасы

Биыл Егемен Қазақстан газетіне 105 жыл

Биыл Егемен Қазақстан газетіне 105 жыл. Алғашында оқырмандарға «Ұшқын» деген атпен жол тартса, күні бүгінге дейін басылым атауы 6 рет ауысқан. Бұл газетте әр жылдары Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов сынды ұлтымыздың біртуар азаматтары қызмет істеп, басылымның бет-бейнесін қалыптастырған. Ал бүгін елордада атаулы жиында журналистер, депутаттар, жазушылар мен қоғам қайраткерлері бас қосты. Егемен Қазақстан газетінің бас редакторы Ғабит Мүсірептің айтуынша, газеттің онлайн нұсқасын қарайтын оқырмандары тек Қазақстанда емес, АҚШ, Нидерланд, Бразилияда бар. Ал баспадан шыққан газеттің бір күндік тиражы 80 мың болса, жарияланатын материал саны да 80-нен асады. Жалпы газетте 90 адам жұмыс істейді. 

Ғабит Мүсіреп, Егемен Қазақстан газетінің бас редакторы:

-Әу бастан біздің елдің зиялы қауымы, Алаш қайраткерлері тұрғаны белгілі. Қаншама қоғам өзгерсе де, формация өзгерсе де, елдік мұраттар басты мақсат болған. Біздің ұжымның орта жасы 20 мен 30-дың аясында. Екі қызметкеріміз бірі – Америкада, екіншісі - Лонданда білімін жетілдіріп келді.