Хабар телеарнасы

Ұйымдасқан қылмыс: 29 пәтер заңсыз сатылған

Алматыда ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Бұл іс бойынша 22 айыпталушы заң алдында жауапқа тартылды. Ұйымдасқан қылмыстық топ 2017-2023 жылдары жұмыс істеген. Оның құрамында психиатр-дәрігерлер, нотариус және бұрын құқық қорғау саласында жұмыс істеген қызметкерлер бар. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, олардың басты мақсаты өзгенің жылжымайтын мүлкін заңсыз жолмен иемдену болған. Оларға адамдарды ұрлау, кісі өлтіру және психикалық ауытқуы бар қарттарды зорлық-зомбылықпен баспанасынан айыру бойынша айып тағылды. Тергеу барысында жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын 668 миллион теңге деп бағаланды. Сотта сөз алған мемлекеттік айыптаушы қылмыстық топ мүшелерін 8 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.  

Нұрасхан Мырзалы, мемлекеттік айыптаушы:

-Қылмыстық іске қатысы бар барлық азамат атқаратын міндеттерді алдын ала бөлісіп алған. Сотқа дейінгі тергеу оларға 37 эпизод бойынша айып тақты. 29 пәтердің заңсыз сатылғаны белгілі болды. Сондай-ақ қайтыс болғандарға және психикалық аурулары бар азаматтарға тиесілі 2 пәтерді сатуға талпынғаны анықталды.