Талдықорғанда Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы өтті

  • 445
  • 10.04.2025, 18:44

Шерзат Полаттың қазасына қатысты алдын ала сот отырысында айыпталушылар алқабилер сотынан бас тартты. Заңға сәйкес, істі бір судья қарайтын болды. Негізгі сот отырысы 17 сәуірге белгіленді.

Прокурор күдіктілердің әрқайсысына ҚР Қылмыстық Кодексінің қандай баптары бойынша айып тағылғанын оқыды. 9 сотталушының екеуіне адам өлтіру және адам өлтіруге оқталу бабы бойынша, қалғандарына бұзақылық және бір жасөспірімге қылмысты хабарламағаны үшін айып тағылды. Жәбірленушілер іс Алматы облысында қаралса деген өтінішін жеткізген болатын. Бірақ судья күдіктілердің Жетісу облысындағы оқшаулау орнында екенін алға тартып, тілегін қанағаттандырмады.

Еске салайық, былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім Шерзат Полат қайтыс болған еді.

Перизат Нұрымова, марқұм Ш. Полаттың туысы:

- Ол кісілер жеке-жеке баппен сотталып жатыр. Бірақ олар бір топ адам болып келді. Бір топ адам болып бала өліміне жауапталу керек. Біз көп нәрсені сұрамаймыз. Тек қана әділік. Заң аясында тәртіппенен. Заң бәрімізге ортақ. Сол себепті жауап бергендерін қалаймыз.