Абай облысындағы Приречное ауылында күнбағыс қабығы сақталған алқап өртеніп жатыр. Өткен жұмада тұтанған қызыл жалын сол күні сөндірілген еді. Өрт қайта өршіді. Тілсіз жау тіпті ауылдағы тұрғын үйлерге де жайылған. Осыған байланысты жергілікті халық қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр.
Төтенше жағдайлар департаменті мамандары күнбағыс қабығы күн сәулесінен қызып, қайта-қайта тұтанып жатқанын айтады. Жалын қатты желдің әсерінен әуелі қора-қопсыға, одан әрі тұрғын үйдің шатырына тараған. Өртті сөндіруге 111-ден астам адам мен 33 техника жұмылдырылған.
Данияр Әлімкин, ТЖД бастығының бірінші орынбасары:
- Бір үйдің шатыры өртке оранған еді. Қызыл жалын Төтенше жағдайлар департаментінің күшімен бірден сөндірілді. Желдің екпіні қатты. Секундына 25 метрге дейін жетеді. Бұл бізге біраз қиындық келтіріп тұр. Қалың түтіннен айнала да толық көрінбейді. Әзір қанша шаршы метр аумақ жанғанын және қанша шығын келгенін нақты айта алмаймыз.