Ақтөбеде 15 жастағы скутер жүргізушісі апатқа ұшырап, ауруханаға түсті. Күн жылынғалы өңірде мотокөлік соқтығысынан 3 адам зардап шеккен. Дәрігерлер соңғы жылдары жол-көлік оқиғасынан жеткіншектердің жиі жарақат алып жатқанын айтады. 5 сәуірден бері өңірде қанша мопед тіркелді? Жол ережесін бұзғандарға қанша айыппұл қарастырылған?
Колледж студенті Нұрсұлтан Қуаналин бос уақытында тұрғындардың қажетін тасып, нәпақа табады. Тапсырысты дер кезінде жеткізу үшін құжаттары сақадай сай қос дөңгелекті көлік сатып алған. Алайда мотокөлік ерттеген жүргізушілерге жол бойында қатер көп.
Нұрсұлтан Қуаналин, студент:
- Сақтанса сақтаймын дейді. Ол үшін басыңда мынадай баскиім болуы керек және де жылдамдықты 60-тан асырмау керек. Өзіме ұнайды. Кептелісте тұрмайсың, баратын жеріңе тез барып келесің.
Алайда мопед тізгіндеген жастардың көбі қарапайым қауіпсіздік ережелеріне енжар қарайды. Ақтөбенің орталық көшесінде болған мына апатта 15 жастағы бала бағдаршамды елемей, кесе көлденең өтіп бара жатқан автокөлікпен соқтығысқан. Жеткіншек балалар ауруханасына жатқызылды. Тағы бір жол-көлік апатында 17 жастағы скутер жүргізушісінің бел омыртқасы сынған.
Самат Көкшібаев, облыстық көпсалалы балалар ауруханасының нейрохирургия бөлімшесінің жетекшісі:
- Қазір баланың жағдайы бірқалыпты. Жақсарумен ауырсыну синдромы азайды қазір. Баланы ертеңге жоспарлы түрде операцияға дайындап жатырмыз. Омыртқаның бел аймағына «транспендикулярный фиксация» қою. Ол «титановый конструкция» деп аталады. Темір салынады.
5 сәуірден мопедті тіркеусіз және жүргізуші куәлігінсіз басқаруға тыйым салынды. 16 жастан бастап А, А-1 санатты, 18 жастан В категориялы жүргізуші құжаты болуы шарт. Ерболат Сарқұлов, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Мопедтерді тіркеу басталғалы акция барысында мыңнан астам мопед тіркелді және де жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жүзден астам мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жол ережесі талаптарына сәйкес скутер жүргізушісінің құжаты болмаса, 19 660 теңге айыппұл салынады. Көлігі мемлекеттік тіркеуден өтпегендерге 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 39 320 теңге айыппұл қарастырылған. Құжат рәсімделгенше, мопед айыппұл тұрағына қойылады.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов