Түркістан облысында білім бөлімінің басшылары сотталды
Сарыағаш аудандық соты аудандық білім бөлімінің басшылары Майрихов, Усипбеков және Акатовқа, сондай-ақ 8 бухгалтерге қатысты үкім шығарды.
Олар білім беру саласында нақты жұмыс істемеген адамдарға 550 млн теңге сомасында жалақы тағайындап, бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Екі басшы 7 жылға, ал біреуі 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Бухгалтерлер де түрлі жазаға кесілді. Мұндай жағдай қайталанбас үшін елімізде деректер базасы қатаң бақылауға алынды.
Данияр Бигайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
- Енді мұғалімдерге төленетін барлық төлемдер - жалақы, іссапар, сыйлықақылар және демалыс ақысы жеке сәйкестендіру нөмірі және тегі, аты-жөні бойынша ресми деректерге сәйкестігі автоматты түрде тексеріледі.