«Шатырдан су ағады». Алматылықтар тұрғын үй жағдайына шағымданды

  • 134
  • 16.04.2025, 18:37

Алматыдағы Таугүл шағын ауданы тұрғындарынан маза кетті. Көпқабатты тұрғын үйдің шатырынан сорғалап су ағып тұр.

7 сәуірде Алматыда болған қатты дауыл 53-інші үйдің шатырын ұшырып әкеткен. Тұрғындардың айтуынша, содан бері бір аптадан аса уақыт өтсе де қалпына келтіру жұмыстары әлі аяқталмаған. Ал кешегі жаңбыр жағдайды тіпті ушықтырған.

Шатырын дауыл ұшырып әкеткен Таугүлдегі 53-ші үйдің қазіргі жағдайы осындай. Тұрғындар өз қолымен полиэтилен төсеп қойыпты. Алайда ол нөсер жауынға төтеп бере алмайтыны түсінікті. Әсіресе жоғарғы қабат тұрғындарына қиын. Төбеден аққан су пәтерге өтіп, ішкі әрлеуін бұзған. 

Ләззат Сатылханова, қала тұрғыны:

- Қазір 7 сәуірден бастап үйіміздің бәрін су алып кетті. Ол жерде КСК-дан  үш тазалаушы, құрылысшылар судың бәрін төгіп жатыр. Басқа ешқандай жұмысшылар келген жоқ. Олар әлі материал жинап жүр. Материал алатын ақша жинап жүр. Пленканы өзіміз жаптық. Түске дейін жалынып жүріп 30 квартирамен акиматтан үш рулон сұрап алдық. Соны әрең сұрап алып жаптық.

Әкімдік мердігер компаниямен бірлесіп, дауылдан зақымданған үйлердің шатырын ауыстыру және қалпына келтіру жұмыстарын өз мойнына алғанын хабарлады. Алайда ауа райының қолайсыздығы жөндеу жұмыстарына кедергі келтіруде. Жаңбырдың салдарынан ескі құрылымдарды бұзып, жаңа шатыр жабындысын орнатуға мүмкіндік болмай тұр,-дейді әкімдік өкілдері.

Айдын Қалабаев, «Алматы тұрғын үй» ЖШС директоры:

- Қазіргі уақытта мердігер ұйым әлеуметтік жауапкершілік аясында жұмыс жүргізіп жатыр. Барлық ақауларды, құрылғыларды және жабындарды қалпына келтіру үшін мердігер компания тартылған. Бұл мәселе толық бақылауда. Шатырдың ағаш қаңқасы күшейтіліп, мықтылап жабылатын болады.

Тұрғындардың айтуынша, жөндеу жұмыстары бұдан ары кешіктірілсе, тіреуіш құрылымдар зақымданып, адамдардың өміріне қауіп төнуі мүмкін.

Айта кетейік, Таугүл шағын ауданындағы бұл үйдің шатырына соңғы рет күрделі жөндеу жұмыстары 2018 жылы жүргізілген. Пәтер иелері соның ақшасын әлі күнге дейін төлеп отырмыз, - дейді. 

Гүлжан Көленқызы, Ғафу Уәли, Сұлтан Бейсекенов