Жол апатынан жүкті әйелі, баласы қайтыс болған Қостанай қаласының тұрғыны Қуаныш Махмұтов сақтандыру төлемін ала алмай жүр. Қайғылы оқиғаға кінәлі адам сақтандырылмаған, сондықтан өтемақы төлеуге негіз жоқ, - деп сақтандыру компаниясы қайтарып жіберіпті. Қалалық сот та олардың уәжі дұрыс деген шешім шығарған. Алайда талапкердің қорғаушысы бұл ұйғарыммен келіспейді.
1,5 жыл бұрын болған жол-көлік оқиғасы бүтін бір отбасының тағдырын ойран етті. Жол апатынан Қуаныш Махмұтовтың ай күні жақындап отырған әйелі, бір қыз баласы қаза тапты. Өзі мен үш баласы ауыр жарақат алған. Сол бір қайғылы күнді қайтадан жадында жаңғырту Қуанышқа аса қиын. Бізден түр әлпетін көрсетпеуді өтінді.
Қуаныш Махмұтов, талап арыз беруші:
- Қалған үш баламның жағдайы: ұлымның қол-аяғы сынған, жазылып кетті. Қазір кішкентай қызымның тыртығы қалды. Ортаншы қызым оңалту өтіп жатыр. Кішкене жағдайы дұрыс болмай жатыр. Мүгедектік берген. Өзім үш операция өттім, енді жамбас жаққа тағы бір операция керек.
Жол апатына кінәлі көлік иесі мас күйінде болыпты. Оның үстіне жүргізуші куәлігі де жоқ екен. Сот үкімімен ол 6 жыл 8 айға сотталды. Бірақ одан Қуанышқа не қайыр? Анасыз қалған үш баласының жағдайын ойлап алаң. Тиесілі сақтандыру өтемақысын да алалмай жүр. Сақтандыру компаниясы төлдеуден бас тартқан соң сотқа да жүгінген.
Ләззат Байғожина, Қостанай облыстық соттың баспасөз хатшысы:
- Сотта қаралған нақты осы азаматтық істе оқиғаға кінәлі жауапкер сақтандырылмаған. Осы негізде сот талапкердің сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға мәжбүрлеу туралы талабын қанағаттандырмады.
Алайда қорғаушы заңгер Болатбек Ысқақовтың айтуынша, көлік құралы иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңға сәйкес төлем жасалуы шарт.
Болатбек Ысқақов, құқық қорғаушы, заңгер:
- Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысында да жазылған, егер жүргізуші мас немесе жүргізушілік куәлігінсіз көлік тізгіндесе де сақтандыру компаниясы өтемақы төлеуі қажет. Яғни жәбірленушіге регресс бойынша төленеді. Ал кейін жол-көлік апатына кінәлі тараптан өндіріп алады. Осындай заң нормасы болса, ол жұмыс істеу керек қой. Шешім тек заңды ғана емес, әділетті болу керек.
Осылайша қалалық соттың шешімімен келіспеген талап етуші тарап облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсірді. Қуаныштың өзі бұл айтыс-тартыстан психологиялық, физикалық тұрғыда қатты қажығандығын айтады.
Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг