Шараға қатысушылар Тұңғыш Президент саябағынан орталық стадионға дейінгі бағыт бойынша жүгіріп өткен. Ал 84 жастағы Аққоян Рсалиев жарыстың алғашқы шақырымында-ақ өзін жайсыз сезініп, кұлаған. Медициналық қызметкерлер жедел жеткенімен, ер адамның жүрек соғысы тіркелмеген. Шамамен бір сағаттан кейін 21 жастағы Нұрбол Ахмади есінен танып қалған. Оқиға орнына келген дәрігерлер оның да қайтыс болғанын растады.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, олар Алматыда өтетін жүгіру жарыстарының тұрақты қатысушылары болыпты. Алдын ала мәлімет бойынша екі азаматтың өліміне өкпе артериясының тромбоэмболиясы мен жүрек жеткіліксіздігі себеп болуы мүмкін. Алайда нақты себебін сот-медициналық сараптама анықтайды.
Айта кетейік, жүгіру марафонына 40-тан астам елден 10 мыңға жуық адам тіркеліпті.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Қазіргі уақытта оқиға бойынша толыққанды тексеріс жүргізіліп жатыр. Қатысушылардың денсаулық жағдайы, жарысты ұйымдастыру тәртібі, медициналық қамтамасыз ету деңгейі мен қауіпсіздік регламенті жан-жақты сарапталады. Жергілікті атқарушы органдар өткізетін мұндай шараларға талапты күшейтеміз. Қаза болған азаматтардың жақындарына көңіл айтамын!