Ақтауда жеткіншек қыздардың өмірге қауіпті ойын ойнағаны әлеуметтік желіге таралды. Қаладағы №33 мектептің 7-ші сыныбында оқитын қыздар үзіліс кезінде бір бірінің кеудесін басып, тұншықтырған. Салдарынан 12 жастағы қыз есінен танып қалған.
Ақтау қаласының білім бөлімі осы жайтқа қатысы бар балаларды анықтап, олардың ата-анасымен профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр. Оқушылардың бұл әрекеті кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияда қаралатын болды. Сондай-ақ мектеп директорына тәртіптік шара қолданылды. Мамандардың сөзінше, жасөспірімдер қауіпті ойынды ғаламтордан көріп, қайталаған.
Гауһар Тілеуқұлова, «Ақтау қалалық білім бөлімі» ММ сектор меңгерушісі:
- Қазір қыздың денсаулығы қалыпты жағдайда. Ата-аналарды ішкі істер органдарына шақыру арқылы профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Балалар бұл ойынды әлеуметтік желі арқылы көріп және соны қайталаған. Алдағы уақытта мұндай оқиғаны болдырмау үшін білім бөлімі жанынан барлық шаралар қолданылатын болады.