Балалардың терезеден құлау оқиғалары азаймай тұр

  • 32
  • 21.04.2025, 18:40

Елімізде балалардың терезеден құлап кету оқиғалары әлі де азаймай тұр. Өткен жылы 200-ден астам бала терезден құлаған. Оның 12-і мерт болған еді. Өкінішке қарай алғашқы үш айдағы көрсеткіш - былтырғы жылдық көрсеткіштен де асып кеткен.

Жедел жәрдемге түсетін қоңыраулар соңғы уақытта жиілеп кетті. Көзіміздің қарашығы балаларымыз абайсызда терезеге шығып, мерт болып жатыр.

Статистикаға сүйенсек, 2023 жылы 31 бала терезеден құлап, бір өлім жағдайы тіркелген. Ал 2024-жылы  терезден 63 бала құлаған. Оның төртеуі мерт болған. Биылғы жыл басынан бергі статистика тіптен жантүршігерлік.

Динат Қожекенов, №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы директорының  орынбасары:

- 2024-ті жылдың үш айында 3-ақ бала терезеден құлаған. Бәрін аман алып қалған болатынбыз. Ал осы жылы сәуір айына дейінгі уақытты алатын болсақ, тура сондай кезеңді алатын болсақ, бізде 18 бала биіктіктен құлап отыр. Соның екеуі қайғылы жағдаймен аяқталды. Қазір үш науқас өте ауыр жағдайда жатыр.

Бұл тек Астана қаласы бойынша осы аурухана түскен балалар саны және ол минут сайын өзгеріп отыр. Себебі ауруханадағы жарақат бөлімі тәуіліктің қай уақыты болмасын науқастарға лық толы. 

Ашық қалған терезеден бөлек, суға кеткен оқиғалар да алаңдатарлық. Өткен жылы елімізде балалардың суға кетіп, қаза табуы алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,5 есе өскен. Әсіресе 10-16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер арасында жиі кездескен. Сондықтан құзырлы орган өкілдері еліміздің ата-аналарына үндеу жасады.

Насымжан Оспанова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы:

- Біріншіден, терезелерге сақтық құрылғыларын орнатыңыз. Арнайы құлыптар, торлар мен бекіткіштер балалардың құлауына жол бермейді. Екіншіден, тек қауіпсіз жерлерде суға түсіңіз. Құтқару қызметі бар жағажайларды таңдаңыз, бейтаныс су айдындарынан аулақ болыңыз. Үшіншіден, балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыз. Әсіресе су маңында әрдайым бақылауда ұстаңыз.

Сақтықта қорлық жоқ. Сондықтан қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін  қарапайым, бірақ аса маңызды ережелерді  ұмытпайық! 

Алуа Маханбет, Азамат Сәметов