Талдықорғандағы Шерзат ісіне қатысты сот отырысында алғашқы куәгердің сөзіне прокурор күмән келтірді.
Себебі Эльмира Нұрбекованың беттесу кезіндегі хаттамасы мен сот отырысындағы жауаптары сәйкес келмейді. Осыған байланысты айыптаушы оның жауабына күмәнмен қарау туралы сот төрағасына өтініш жасады. Бірақ айыпталушы тараптың адвокаттары бұған қарсылық білдірді. Тараптардың пікірін тыңдаған сот бұл мәселені басы ашық күйінде қалдырды.
Екінші болып Дана Жақсыгелді куәлік етті. Ол өз сөзінде марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың мылтықпен оқ атқанын айтты. Оқиғадан кейін Абзал Шынасылдың қолын жуу үшін сусын құйғанда пышақтың жүзін байқаған. Көліктің алдыңғы жағында отырғанда оның жанында қару болғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, бүгінгі отырысқа Қаржаубай Нұрымовпен оның отбасы қатыспады. Олардың мүддесін адвокаттары қорғап жатыр. Сот отырысы ертең де жалғасады.